Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ғалым ұшақта пауэрбанк қолдану несімен қауіпті екенін түсіндірді

Пауэрбанк қуаттау
Фото: Magnific.com

“Уральские авиалинии” ұшағының бортында өрт шыққаннан кейін Ресей авиациясы ұшу кезінде пауэрбанк қолдануды шектеуді ұсынды. Пермь политехникалық университеті ғалымының айтуынша, құрылғының өзі ғана емес, оны биікте қолдану да қауіпті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Gazeta.ru-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Пауэрбанк – литий-ионды немесе литий-полимерлі аккумуляторлар мен оларды басқаратын электроникадан тұратын құрылғы. Жұмыс кезінде батарея ішінде литий иондары қозғалып, энергияның жиналуы мен берілуін қамтамасыз етеді. Мұндай аккумуляторлар энергияны көп сақтайды әрі ұзақ қызмет етеді. Алайда олар химиялық тұрғыдан белсенді және сыртқы жағдайларға сезімтал келеді.

Пермь политехникалық университетінің ғалымы Андрей Затонскийдің айтуынша, негізгі қауіп – аккумулятордың қызып кетуі және “жылулық үдеу” деп аталатын құбылыс. Егер батарея зақымданса немесе ішінде қысқа тұйықталу болса, оның температурасы күрт көтерілуі мүмкін. Бұл газ бөлінуіне, тұтануға, тіпті жарылысқа әкеп соғуы ықтимал.

Бұған ұшу кезіндегі жағдай да қосымша қауіп тудырады. Діріл мен қысымның өзгеруі аккумулятордың ішкі бөлшектерінің бұзылуын тездетуі мүмкін. Әсіресе батареяда көзге көрінбейтін ақау болса, қауіп арта түседі. Мұндай жағдайда аз ғана қызудың өзі бақылаудан шығып, қауіпті процеске айналуы мүмкін.

Сондықтан қолданыстағы ережелер пауэрбанкті жүк бөліміне тапсыруға тыйым салады. Оны тек салонға алып кіруге болады. Себебі экипаж ықтимал өртті дер кезінде байқап, қауіптің алдын ала алады. Дегенмен ұшу кезінде пауэрбанкті пайдалану тәуекелді арттырады: зарядтау кезінде құрылғы арқылы ток өтіп, батарея қосымша қызады.

Ғалымның сөзінше, литий-ионды аккумуляторлар смартфон мен ноутбуктерде де қолданылады. Бірақ айырмашылық қорғаныс деңгейінде. “Ақылды” құрылғыларда температураны, кернеуді және токты бақылайтын жүйелер бар. Ал пауэрбанктерде көбіне қарапайым әрі арзан электроника орнатылады.

Осылайша, жүктеме, қорғаныс жүйесінің әлсіздігі және ұшу кезіндегі ерекше жағдайлар портативті аккумуляторларды осал етеді. Сарапшы ұшақ бортында пауэрбанкті аса қажет болмаса қолданбауға, ал тасымалдау кезінде оның бүтіндігін тексеріп, зақымдануына жол бермеуге кеңес береді.

Айта кетейік, бұған дейін Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) пауэрбанктерді тасымалдау және қолдануға қатысты жаңа ережелер енгізгені хабарланған еді. Енді пауэрбанктерді тек қол жүгімен алып жүруге болады, сондай-ақ олардың ұшақта қолданылуы қатаң шектелген.

Жаңа ережелер бойынша жолаушыларға пауэрбанктерді ұшақтағы электр ұяшықтарынан қуаттауға мүлде тыйым салынған. Сонымен қатар ұшақ көтерілуге немесе қонуға дайындалып жатқан кезде кез келген гаджеттерді қосуға болмайды. Бұл талаптар литий-иондық батареялардың өрт қауіпіне байланысты енгізілген.

Әдетте ұшақ ішіне сыйымдылығы 100 Вт/сағ дейінгі құрылғыларды алып кіруге рұқсат беріледі. Егер сіздің аккумуляторыңыз қуаты жағынан күшті болса (100–160 Вт/сағ аралығында), алдын ала әуе компаниясынан рұқсат сұрауға тура келеді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 12 Мамыр, 2026 23:15