Ғалымдар әлемдік пандемияға себеп болатын тағы бір вирусты анықтады
Тұмау вирусы жақында әлемдік пандемияға айналуы мүмкін. Дүниежүзі бойынша жасалған сауалнамаға 187 ғалым осылай деп жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі The Guardian басылымы сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Халықаралық зерттеуге сәйкес, ауруларға қатысты жетекші сарапшылардың 57%-ы тұмау вирусы әлем бойынша өршіп, адамдардың жаппай жұқпалы аурудан өлуіне себеп болады деп санайды.
“Тұмау әр қыста пайда болады. Мұны шағын пандемия десек те қателеспейміз. Десек те, оны бақылауда ұстауға болады. Себебі тұмауды тудыратын бұл штамдар вирулентті емес. Бірақ бұл алдағы уақытта да осылай болады дегенді білдірмейді”, – дейді Кельн университетінің ғалымы Джон Салмантон-Гарсия.
Респонденттердің тағы 21%-ы "Вирус X" инфекциясының бүкіл әлемге қауіп төндіретініне сенімді. Бұл вирус – әлі белгісіз микроорганизм. Ол Sars-CoV-2 инфекциясы сияқты күтпеген жерден пайда болады.
Сонымен қатар сауалнамаға қатысқан ғалымдардың 15%-ы Sars-CoV-2 инфекциясы қайтадан әлемдік пандемияға себеп болатынына сенімді.
Бұған дейін Ресейден Қазақстанға әкелінген қызанақ дәндерінен қауіпті вирус анықталған еді.