Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"8 сағат ұйықтамаса, ауысымға шықпайды": Қазақстанда такси жүргізушілерінің жұмысына қатысты шектеулер енгізілмек

Көлік министрі Марат Қарабаев жолаушыларды тасымалдау мен жұмыс тәртібін бұзған такси жүргізушілерін қалай қадағалайтынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Pixabay.com

Мәжіліс алаңында министрге жылдамдықты асырған такси жүргізушісін қалай анықтауға болатынын және көлікті әйелінің атына рәсімдеп, уақытша аластатылса да, жұмысқа шығатын жүргізушілермен қалай күресуге болатыны жайлы сауал қойылды. 

Марат Қарабаевтың айтуынша, Қазақстанда 10 такси агрегаторы тіркелген. Олардың арасында ең ірісі – “Indriver” және “Яндекс”. Көлік министрлігі аталған екі компаниямен меморандумға қол қойды.

“Меморандум аясында жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жүргізуші рөлге отырмас бұрын ұйқы режимін сақтауы керек. Яғни, 8 сағат жұмыс істесе, 8 сағат демалуы керек. Мұны асыра айтып отырмын. Ол сондай-ақ медициналық тексеруден өтуге тиіс. Бұл мәселелер қазір көтеріліп жатыр. "Индрайвер" де, "Яндекс" те оларды бақылап отырған жоқ. Біздің меморандумда осындай механизмдер қарастырылған. Сондықтан агрегаторлар жүргізушілерді бақылап отыруға міндетті”, – дейді Марат Қарабаев.

Сондай-ақ агрегаторларда жаңа функция пайда болған. Енді олар автокөліктің жылдамдығын қадағалап отырады. 

“Көлікті басқа жүргізушіге рәсімдеуге келсек, жүйеге кірер алдында жүргізуші фейсконтрольден өтуі керек. Яғни, фото қойылады, осылайша оның қандай азамат екенін анық көре араламыз. “Indriver-де” де, “Яндексте” де жылдамдықты бақылайтын қосымша функция пайда болды. Ал жол ережесін бұзғандарға тағы бір қосымша функция енгіземіз. Жүргізуші жол ережесін үш немесе одан да көп рет бұзса, оларды бұл операторларға тіркелу құқығынан айырамыз”, – дейді министр.

Бұл ретте жүргізушілер ұйқы режимін де қатаң сақтауға міндетті. 8 сағат ұйықтамаса, ауысымға шыға алмайды. Министр тиісті ведомство тек жолаушылардың ғана емес, көлік жүргізушілерінің де мүддесін ескеруі қажет екенін атап өтті.

Бұған дейін Павлодарда автобус жүргізушісінің есірткіге мас күйде рөлге отырғаны туралы жазған едік. 

Талқылау