Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Аста-төк тойлар болмаса, халық не істерін білмей, мемлекетке қарсы шығады": Шымкенттік атақты асаба қазақтар тойға неге шашылатынын түсіндірді

Шымкенттік танымал асаба, шоумен, продюсер, сценарист, кәсіпкер, сегіз қырлы, бір сырлы Фархад Балқыбекұлы Stan.kz тілшісіне сұхбат беріп, ауқымдылығымен, қонақтар санымен аты аңызға айналған шымкенттік тойлардың ерекшелігі мен ұйымдастырудың қыр-сыры туралы айтып берді. 

фархад

- Фархад, қазір қайдасыз, немен айналысып жатырсыз? 

- Телеарнадан кеткеннен кейін өнер орталығын ашып, продюсерлікпен айналысып, талантты жастармен жұмыс істеп жатырмын. Қазіргі кезде той-бизнес саласына, шығармашылық жұмысқа бет бұрдым. Халық арасындағы талантты жастармен жұмыс істеудемін.

"Сұңқар" той-думан орталығы қазіргі кезде өте жақсы жұмыс істеп жатыр. Халық тойларына қызмет етіп, көппен көрген ұлы той деген ұранмен барынша тырысып бағудамыз. 

Телеарнадан кетіп, осы саланы дамытсам деген ниет болды. Журналистикада, радиода, жоғарғы оқу орнында оқытушы болып та біраз жұмыс істедім. Дегенмен жүрегіме жақыны көпшіліктің, халықтың ортасында болу екен. Продюсер, шоумен, асаба, режиссер, сценарист ретінде өзімді сынап, тәрбиелеп, өнерімді халықтың алдында көрсетіп келе жатырмын. 

- Бұрын телевизиялық жобалардан көруші едік. Қазір мүлде көрінбейсіз, тележурналистиканы мүлде тастадыңыз ба?

- Мүлде тастадым деп айта алмаймын, жүрегім телеарнаны қалайды. Телеарнадан кетіп, тойға кірскенде бірден үйреніп кету ауыр болды. Таңғы бағдарламаға шығу, ток-шоуларды түсіру, көптеген жобаларды дайындау, сценарий жазу керек, ал оның бәрі уақытты алады. Одан шығып тойға бару, ұйымдастыру - үлкен жауапкершілік.

Адам өміріндегі болатын бір үлкен қуанышының берекесін қашырмай, жоғары деңгейдегі мерекеге айналдыру ұйымдастырушының үлкен қабілетін көрсетеді. Ақша мәселесі де әсер етті. Отбасылы болғаннан кейін үй алу керек, жағдайыңды жасау керек деген мәселелерді ескергенде, мен той саласына бет бұрғаным рас. 

Мені елге танытқан сөзсіз телеарна. Қазіргі кездегі телеарнадағы жобаларға көңілім толмайды. Осы уақытта жақсы журналистер керек емес. Қазір атаң, көкең, тағы басқалары болса ғана сен үлкен деңгейге шығасың. Сондықтан да біздің көптеген жобалар халықтың сұранысына ие болмай жатады. Егер халыққа ұнайтын, мән-мағынасы жоғары бағдарлама болса, мен жүргізуге дайынмын. Телеарналардан көптеген ұсыныстар түсіп жатады. Бірақ талғаммен қараймын. Экранға шығып алып, халық мені көрсе, таныса деген ниет жоқ.  

- Асабалыққа қалай келдіңіз? Неден басталды?

- Мен асаба боламын деп ойламаппын, мақсат та қоймаппын. Студент кезден бастап баспа саласында, журналистикада, кейін радиода жұмыс жасап, халықтың алдында өскендіктен, халықтың алдында болу, жақын болу керек деп есептедім. Білім алып, тәжірибе арттырдым. Кейіннен жас әншілерге продюсер бола бастадым. Сол кезде достарым "Сенің телеарнадан түріңді, атыңды біледі. Халық қалап жатса, тойға неге бармайсың" дейтін. Мен күлетінмін, асаба болып, құда-құдағи деп жүремін ба деп.

Кейіннен асабалықты да көрейін деген ой келді. Достарымның Фархад басқарады деп артқан сенімі, үлкен құрметпен қабылдағаны асабалық жолға алып келген шығар. Кейіннен осы асабалықтың қыр-сырын үйреніп, тәжірибе жинап, асабалық жолға қадам бастым.

фархад- Құрманай Бақтиярқызы, Кәмшат Жолдыбаева және Әйгерім Қалаубаева сынды танымалдармен бірге той басқарады екенсіз. Әрі элиталы тойлардан жиі көрінесіз. Сізді қуанышына шақыру үшін той иесінің қалтасы қаншалықты қалың болуы керек? Гонорарыңыз қандай?

- Көптеген елге белгілі азаматтармен той жүргізіп жатамын. Бір жағынан тәжірибе, екінші жағынан елге танылудың бір белгісі. Жұлдыздар маған емес, мен ол кісілерге үйретіп жатырмын десем болады. Құрманай апайыммен тікелей жұмыс істеп жүрген адаммын. Кәмшат, Әйгерім сияқты елге белгілі әншілермен той жүргізу - бұл бренд қалыптастыру, жаңашылдық. Ал қанша ақша табасын дегенге толыққанды мәлімет айта алмаймын. Оны мен өзім де білмеймін, санамайды екенмін.

Өнер адамын өсіретін де, өшіретін де халық. Халықтың құрметіне бөленсең, көп ақша табасың, қарапайымдылықтан көрі кісілігің басым болса, ақшадан айрыласың. Елдің өзінің атаған сыйы болады. Соны алып, өсіп келе жатырмыз. 

- Басқа қалалар үшін арнайы райдеріңіз бар ма? Болса қандай?

- Жоқ, мен ондай талап қоймайды екенмін. "Өнерлінің өрісі кең" деп жатады, шынайы таланатты адам кез-келген ортада өзінің адамын да, жолын да табады. Басқа қалаға барғанда райдер қойып, той иелеріне талаптарымды айтпаймын. Өзімнің талантты, білімді, оқыған азамат екенімді өнеріммен көрсеткім келеді. 

- Шымкенттің тойлары неcімен ерекшеленеді? 

- Той-бизнес Шымкентте дамыған деп айтып жатады. Шымкенттің тойлары халқының көптігімен, жаңашылдығымен ерекшеленіп жатады. Шымкентте күнде ұлан-асыр той болып жатқан соң бір жаңашылдық жасауың керек. Жұрт бір көрген нәрсесін қайта көргісі келмейді. Шымкенттің тойларына басқа қалалардың тамадалары баруға қорқып жатады. Неге? Біріншіден, кеш басталады, ерте аяқталды. Мысалы, Алматы, Астана, Қарағанды тойлары алтыда басталып, түнгі бірге дейін болса, ән-би, ойын өткізе аласың. Шымкетте той тоғызда басталып, түнгі он екі жарымда бітеді.

500-600 адамдық тойда үш жарым сағата тілек те беріп, ән де айтып, би де билеп өткізуің керек. Ол тойды жүзден жүйрік мыңнан тұлпарлар ғана басқара алады. 600-700 адамды өзіңе қаратып қойып той өткізу өте қиын.  Бірақ үлкен сандықты кішкене кілт ашады деп жатады, той саласының өзіндік құпиясын білсең, керемет асаба болсаң, онда баурап алу, үш сағат ішінде үлкен нәтиже көрсету сенің қолыңнан келеді деген сөз.

- Сіз басқарған ең үлкен той? Қанша адам болды?

- 700-800 адамға дейін басқарған тойлар болды. 1000 адамдық той болған жоқ. Ондай тойларға ерекше дайындаласың. Өйткені, 800 адам деген оңай емес. Сол әулеттің көшін бастаған азаматтармен ақылдаса отырып, тойды ұйымдастырамыз. Жинақылықпен жоспарласаң, бәрі жақсы болады. 

фархад- Қазақтарға заманына қарай үлкен аста-төк тойлардан бас тартатын уақыт келді деп ойламайсыз ба

- Жоқ, мен олай ойламаймын. Өйткені, қазіргі уақытта халықтың жағдайын жасап отырған той-бизнес саласы. Біріншіден, той - береке. Екіншіден, қаншама тойхана бар. Ол жерлерде қаншама адамдар жұмыс істеп жатыр. Одан кейін той жақсы көңіл-күй сыйлайды. Қаншама өнер адамдары осы тойдан нәпәқасын тауып жатыр. Қазақтың дүниеге келуінің өзі той. Сонда біз қазақылығымыздан айрылуымыз керек па? Біз сонда шет елге еліктеп, екі адам шақырып өткізуіміз керек па? Шет елде туысқан, ағайын деген жоқ.

Бізде отбасы құныдылығы жақсы дамыған. Той деген - ағайындар мен туыстардың бір-біріне құрмет көрсетіп, қуанышқа ортақ болуы. Ал енді аста-төк етіп істемесек, сонда өз-өзімізді кризиске түсіріп, өз-өзімізді қиындыққа қиямыз ба? Ашық айтқанда той-бизнес тоқтайтын болса, онда халық не істерін білмей, мемлекетке қарсы шығады. Бұл ашық нәрсе. Той болған соң бір-бірімізге тілек айтып, құрмет көрсетіп жүрміз. 

- Атырауда өткен бір тойда айфоннан шашу шашты. Есітіген боларсыз. Сол тойды басқарған Руслан Ысқақтан пікір алғанымда бұл қарапайым тойлардың бірі екенін айтты. Ал сіздерде неден шашу шашады? Вертолетпен келетіндер бар ма?

- Иә, вертолетпен, автокөлікпен келгендер болды. Былай айтқанда, тойханаға көлікпен кіру таңқалатын нәрсе емес. Басқа қалаларға ол шоу болып көрінуі мүмкін. Дәл қазіргі уақытта әр той иесі өз тойына ерекше дайындалғысы келеді. Баяғыдай бірсарынды тойлар жоқ. Мүмкін адамдар тойдан шаршады ма, қазіргі адамдар шыдамсыз. Бір көрген тойын екінші рет көргісі келмейді. Маған келген клиенттердің көбі "Фархад жаңалық жасашы, шоу жасашы" деп айтады. Сол кезде не істейміз деп ойланып қаламыз.

Айфон таратса, өз қонағына беріп жатыр, бөтен ешкім жоқ. Бұл ысырапшылдық емес. Қолыңыздан келсе, жақсылық жасап, жақсы сыйлықтар сыйлап, сол келген қонағыңыздың батасын алуға ұмтылыңыз. Қонақ құт-берекемен келеді.

Кім тойында не жасайды - өзі шешкені дұрыс. Қазір жақсы болсаң да, жаман болсаң да халық әңгіме айтады. Кейде "қалай өмір сүру керек сонда" деп ойланамын. Біздің қазақ тек осындай әңгімемен өмір сүріп жатыр. Көпшілігі қуана бергісі келмейді. Әркімнің жеке өміріне араласып, неге бүйтеді, неге сөйтеді дегеніміз артық шығар.

Талқылау