Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бір жылда 21 жаңа бағыт қосылып, 9 миллион жолаушы ұшқан": Air Astana 2024 жылғы жұмысын қорытындылады

Air Astana әуекомпаниясы 2024 жылы 9 миллион жолаушыны тасымалдап, түсімін 1,3 миллиард долларға жеткізген. Сонымен қатар жай және арнайы дивидендтерді мерзімнен бұрын төлеуді ұсынды. Stan.kz ақпарат агенттігі компанияның жылдық қорытындысына арналған брифингке қатысып, қазақстандық ірі әуекомпаниясының есебін тыңдап, 2025 жылы не өзгеретінін біліп қайтты.

Air Astana компаниялар тобының Бас атқарушы директоры Питер Фостер мен компанияның қаржы бойынша атқарушы директоры Ибрахим Жанлыел. Фото: Павел Шамин

Ұшақтың да, жолаушының да саны артқан

Air Astana компаниялар тобының Бас атқарушы директоры Питер Фостердің айтуынша, 2024 жылы әуекомпания қаржы, сапа және қызмет жағынан бірқатар нәтиже көрсеткен. Мәселен, былтыр Air Astana және оның еншілес компаниясы FlyArystan әуекомпаниясының қызметіне сұраныс артқан. Бір жылда олардың ұшағымен 9 миллион адам ұшқан. Бұл былтырға қарағанда 1 миллион адамға дерлік көп.

Оған қоса компания жаңа ұшақтарының да санын көбейткен. Air Astana бренді 5 ұшаққа, FlyArystan әуекомпаниясы 5 ұшаққа ие болып, өз паркін кеңейткен. Сөйтіп жыл соңында екі компанияға тиесілі ұшақ саны 57-ге жеткен. Қазір екі әуекомпанияда жалпы алғанда 60 ұшақ бар. 

“Әрине, қазір Қазақстанда түрлі жаңа әуекомпаниялар мен лоукостерлер пайда болып жатыр. Дегенмен біз жолаушыларымызға жоғары сапада қызмет көрсетеміз. Air Astana өзге ірі әуекомпанияларымен, FlyArystan лоукостерлермен бәсекелесіп, қызметін одан әрі жақсартуға, клиенттерімізден айырылмауға дайынбыз. Мәселен, клиенттеріміз үшін Астанада Shanyraq деген ыңғайлы бизнес залымыз бар. Одан бөлек біз әуекомпаниямыздың сайттарын, бағдарламаларын жаңарттық”, – дейді Air Astana компаниялар тобының Бас атқарушы директоры Питер Фостер.

Сонымен қатар Питер Фостердің сөзінше, олар паркіндегі Embraer деген ұшақтарды әуепаркінен шығарып жатыр. Себебі мұндай ұшақ түрі экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Былтыр компанияда үш Embraer ұшағы болған. Қазір тек біреуі қалған, бірақ оны жолаушыларды тасымалдау үшін қолданбайды. 

“Қазір бізді Airbus A320 деген ұшақ түрлері қызықтырып отыр. Бірақ біз келесі жылы алыс қашықтыққа ұшатын ұшақтар тобына жататын Boeing 787 Dreamliner ұшағын флотымызға қосуды асыға күтіп отырмыз. Сонда біз жолаушыларды көбірек тасымалдап қана қоймай, қызмет көрсету деңгейін де арттырамыз", – дейді әуекомпания басшысы.

Air Astana компаниялар тобының Бас атқарушы директоры Питер Фостер. Фото: Павел Шамин

Қаржылай көрсеткіші артқан

Air Astana мен оның еншілес лоукостері FlyArystan 2024 жылы 1,3 миллиард доллар кіріс тапты. Бұл компанияның былтырғы көрсеткішінен 12,4% көп. Әуекомпания өкілінің сөзінше, олар мұндай көрсеткішке тиімдірек бағыттарға, әғни Азия және Парсы шығанағына рейстерді кеңейту арқылы жетіп отыр. 

"Біз ашық компания ретінде алғашқы жылымызда қарқынды түрде өстік, саладағы сыйымдылық пен шығындарға қатысты мәселелерге қарамастан, IPO кезінде берген уәделерімізді орындадық. Биыл, қаржы жылында жоғары сұраныс пен ұлғайған қуаттың арқасында біз екі брендті дамытуға дайынбыз", – дейді Air Astana компаниялар тобының Бас атқарушы директоры Питер Фостер.

Сонымен қатар компанияның директорлар кеңесі Акционерлердің жылдық жалпы жиналысына жай және арнайы дивидендтерді төлеуді ұсынды: бір акцияға – 53,7 теңге және төрт акцияға құқық беретін бір жаһандық депозитарлық қолхатқа – 214,8 теңге. Жалпы 19,1 миллиард теңге төлем беріледі. Бұл төлем 2025 жылғы 31 мамырға дейін мақұлданып, жылдың ортасында беріледі.

 

Air Astana Terminal Services еншілес компаниясын құрып жатыр

Air Astana әуе компаниясы Air Astana Terminal Services деген жаңа еншілес компаниясын құрып жатыр. Әуекомпания басшысы Питер Фостердің айтуынша, бұл жаңа компания Air Astana-ның толықтай филиалы болып саналады. Ол жазда жұмысын бастап, жолаушылар мен әуе кемелеріне жерде қызмет көрсетумен айналысады.

“Жаңа компания жүк өңдеу, ұшақтарды тасымалдау және тағы басқа істерді атқарады. Сондай-ақ ол Астана мен Алматының басқа да әуетасымалдаушыларына осындай қызмет көрсету бойынша байқауларға қатысып, кірісімізді ұлғайтуға мүмкіндік береді. Өйткені қазақстандық нарық шетел ойыншылары үшін тартымды болып отыр", – дейді Питер Фостер.

Фото: Павел Шамин

Халықаралық жаңа бағыттар ашылды 

2024 жылы қазақстандық және басқа елдің азаматтары Air Astana арқылы 22 елге ұша алды. Былтыр бұл әуекомпания жаңа 21 бағыт қосып, жолаушыларды Үндістанға, Қытайға, Вьетнамға және Парсы шығанағы елдеріне апарды. Оған қоса компания A321LR ұшақтарына үшінші жанармай құятын бакты орнатып, Алматы-Лондон, Алматы-Гуанчжоу, Астана-Фукуок, Астана-Пхукет рейстерін іске асырады. 2026 жылдан бастап Алматы-Токио бағыты ашылмақ. 

Былтырғы статистика бойынша, әуекомпания 107 маршрут бойынша қызмет көрсетті. Оның ішінде 74-і – халықаралық бағыт, 33-і – ел ішіндегі бағыттар. 

Сонымен қатар Air Astana қытайлық China Southern Airlines әуекомпаниясымен код-шеринг жөнінде меморандумға қол қойды. 

Талқылау