Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ЕУРО-2024: Хорватия тең түсіп, Германия екінші жеңісіне қол жеткізді

Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатының екінші кезең аясындағы ойындары өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Gettyimages.ru

"Имтех Арена" стадионында В тобында өнер көрсететін Хорватия мен Албания құрамасы Еуропа чемпионатындағы екінші матчын өткізді. Алғашқы ойындарында жеңіліске ұшыраған екі команда үшін де жеңіске жету аса маңызды еді. Бірақ 90 минут бойы жан алысып, жан беріскен ойында қос команда екі-екі голдан салып, тең тарқасты. Матчтың 11-минутында Кязим Лячи Албания құрамасын алға шығарса, 74-минутта Андрей Крамарич есепті теңестірді. Араға екі минут салып, Клаус Гясуля өз қақпасына гол соғып алды. Дегенмен негізгі таймға қосылған қосымша уақытта Клаус Гясуля өз қателігін түзеп, Хорватия қақпасына гол соғып кетті.

А тобындағы Германия құрамасы екінші жеңісіне қол жеткізді. Немістер "Мерседес-Бенц Арена" стадионында Венгрия құрамасына қарсы ойнап, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Бірінші таймның 22-минутында Джамал Мусиала есеп ашса, екінші таймда Илкай Гюндоган есепті еселеп, Германия құрамасының жеңісін айқындай түсті. Сөйтіп немістер екінші ойында да жеңіске жетіп, өз тобында көш бастады.

Айта кетейік, Германия құрамасы алғашқы матчта Шотландияны ойсырата ұтса, Венгрия Швецариядан ұтылып қалған еді. Ал Хорватия мен Албания құрамасы Испания мен Италиядан жеңілген болатын.     

Талқылау