Ешкім араша түспеген: Атырауда жанжалдың соңы қайғылы оқиғамен аяқталды
Атырауда екі ер адам көшеде жанжалдасып, салдарынан олардың бірі алған жарақатынан қаза тапты. Оқиға бейнежазбаға түсіп қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото видео кадрларынан
Бейнежазбада олардың қақтығысы автотұрақ тәрізді жерде болғаны көрінген. Жазбада ақ жейдедегі ер адамның екіншісіне соққы жасағаны көрсетілген. Ал екінші ер адам оның соққысына жауап бермей, қашып жүргені және қарсы сөйлегені байқалады. Кейін ақ киімдегі адам қарсыласына жұдырығын ала жөнелген.
Бір қызығы оқиға орнында бірнеше куәгерлер жиналған. Алайда олар жанжалдасқандарды ажыратуға тырыспаған.
Кейін Атырау полиция департаментінің баспасөз қызметі жәбірленуші ер адамның ауруханада алған жарақаттарынан көз жұмғанын мәлімдеді.
"Сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті тергеу изоляторына қамалды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Өзге ақпарат тергеу мүддесі үшін жария етілмейді", – деп түсіндірді полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.
Марқұмның туыстарының мәліметінше, базарда болған жанжалда Амандық Сағынғалиевтің басқаруындағы газель ескі мерседес Мұхтар Ахмедовтың есігін сырып кеткен. Ахмедов осыдан кейін жанжал шығарып, Сағынғалиевке шабуылдай бастаған.
Деректерге сай Ахмедов әлі 40 жасқа толмаған, ал жәбірленуші Сағынғалиев 70 жасқа таяған. Қарт адам ашуланған мерседес иесін тыныштандыруға барынша тырысқан. Көлігін жөндеп беретінін де айтқан. Қзімен бірге жөндеу құнын жаба алатын сомада қаражат та болған. Алайда Ахмедов ашуға бой алдырған.
Нәтижесінде соққыға қалған Амандық қайта тұра алмаған.
Оның ағасының айтуынша, марқұмның қызы оқиға орнына бірінші болып келген. Ол әкесін "жедел жәрдемге" кіргізуге көмектескен. Тіпті сол кезде Ахмедов өзінің балағат сөзін жалғастырып, әкесін қорлаған екен.
Алайда базардағы куәгерлер оқиғаны мүлде басқаша сипаттады. Олардың айтуынша Ахмедов Сағынғалиевке тек бір рет соққы берген. Кейін ол құлап басын соғып алған.
Жәбірленушілердің шағымы бойынша полиция тергеуді қылмыстық кодекстің 106 - бабының 3-бөлігіне өлімге әкеп соқтырған денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бойынша қарауда. Бұл қылмыс үшін кінәлі 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Амандық Сағынғалиевтің туыстарының айтуынша, күдікті бұрын сотталған. Ол бұрын басқа адамды пышақтап өлтіріп, кейін сотта туыстарымен татуласып, бостандығын шектетуге тырысқан.