Ешқашан ауруханаға бармаған 100 жастағы әже құпиясын айтты
Кәмила Ғазизқызы Батыс Қазақстан өңірінің тумасы екен. Төрт жасында отбасымен Ресейге қоныс аударып, кейін Қазақстанға қайтыпты. Төрт жылдық білімі бар әже әлі тың, тіпті бірінші сыныпта оқыған өлең-тақпақтарын күні бүгінге дейін жатқа айтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Кәмилә әже қазіргі таңда Алматы қаласында тұрады. Бойжеткен шақта соғыстың да ызғарын көрген, тұрмыстық тауқыметті де тартқан. Алайда ғасыр жасаған анаға жиі қойылатын сауал: ұзақ өмір сүрудің құпиясы мен сыры туралы екен.
"Өмірде ауруханаға бір күн де жатып көрген жоқпын, ауруханада амбулаторлық картам болған жоқ. Денсаулығымды бір ерекше күткенім жоқ, басқа кісілер қалай жүреді, мен де солай жүрдім. "Мен 100 жасқа жетейін" деп тырысқан ештеңем жоқ. Алланың өзі берген өмірі. Жұмыстың өте ауырын істедім. Мал да бақтым, шөп те шаптық, құдық та қаздық. Содан кейін дүкен де, қоймада істедім. 4 баламен жесір қалдым, 2 ұл, 2 қыз. Балаларымның бәрін еңбекке үйреттім, оқыттым. Үлкен балам 79 жаста, кенжем 68 жаста. 4 баладан 6 немерем, 16 шөберем, 9 шөпшегім бар", – дейді Кәмилә Ғазизқызы.
Кәмилә әженің әр күні тығыз кестеге түзілген. Таңғы намаз, таңғы ас, қолы қалт етсе тоқыма тоқиды, кітап оқиды, кейде сәл мызғып ұйықтап алады. Өмір жолында тынбай тер төккен кейуананың жеткен жетістіктері де жетерлік екен.
"Ақындық қасиетім бар, бірнеше кітап жаздым. Үш рет қажылыққа бардым. 82 жасымда құранды жаттап, оқи бастадым. Халықаралық қолөнер шеберінің лауреатымын. Кез келген киімді тігемін. Түркияда "Аналардың анасы" деген киноға түстім, ол фильм халықаралық кинофестивальде бірінші орын алды. Осы күнге дейін қолымнан не келеді, соның бәрін істей беремін", – деді ғасыр жасаған ана.
Ұзақ жасаған Кәмилә әженің өмірден түйгені мол, оның қазіргі жастарға айтар ақыл-кеңесі де бар.
"Ешкімге жамандық жасаған жоқпын. Біреу маған жамандық жасаса, оны ешқашан қарғаған жоқпын. "Әй, Алла тапсын, Алла біледі, мүмкін мен кінәлі шығармын" деп қоямын. Біріншіден, қасыңдағы кісі дұшпаның болса да жамандық жасамау керек. Екіншіден, соларға көмектесіп, кек сақтамау керек. Өзіңді өзге кісіден артық санамау керек. Бай мен кедейді бөлмеу керек, кемсітпеу керек. Қазір екі-үш миллион ақшасы болса шалқайып кететіндер көп, ондай болмау керек. Ел қатарлы жүріп, үлкенді сыйлаған жөн", – деп сөзінді түйіндеді кейуана.
Видео сұхбаттың толық нұсқасын дәл қазір Stan kz YouTube арнасынан көріңіз.
Талқылау