Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

«Еш қайсы» немесе «ешқайсы»: Ал сіз қалай жазып жүрсіз?

Жазу жазып отырғанда «еш кім» деп бөлек жазыла ма, «ешкім» деп бірге жазыла ма деп ойланып қаласыз ба? Ендеше, бүгінгі тақырып сіз үшін пайдалы болмақ. Есімдіктер емлесін талқылап көрейік. 

Еш, әлде, әр, кей, қайсы, бір сөздері мен басқа есімдіктердің бірігуі арқылы жасалған болымсыздық, белгісіздік есімдіктері бірге жазылады. Мысалы: ешкім, ешқашан, ешбір, әлдекім, әлдебір, әрбір, әркім, әрқашан, кейбір, әрқалай, әрқайсысы т. б.

Түсінікті болу үшін мынадай формуламен берсек болады: есімдік + есімдік = бірге жазылады.

Еш, әлде, әр, кей, бір, қай сөздері басқа сөз таптарымен (зат есім, кейде қатыстық сын есімдермен) тіркесіп қолданылады да, бөлек жазылады.

Мысалы: еш уақытта, әр адам, кей шақта, бір мезгілде, әр түрлі, әр нәрсе, әр айда т. б.

Мұны да түсінікті болу үшін мынадай формулаға салайық: есімдік + басқа сөз табы = бөлек жазылады.

 

Біз, Stan.kz редакциясы, қазақстандықтар қазақ тілінде сауатты жазып, сөйлегенін қалаймыз. Осы орайда, "Таза тіл" шығарылымдар сериясын жарияладық.

Дайындаған: Аққибат АҚЖІГІТОВА

Қазақ тілінде сөйлеуде тағы қандай сәттерде қиындық туындайды? Адамдар қай кезде жиі қателеседі? Егер сауалдарыңыз болса, келесі форма арқылы бізге сұрақ жолдаңыз

Талқылау