"Ертеңгі күнді болжау қиын": Сарапшылар теңгенің тағы құнсыздануына қатысты пікір білдірді
Теңге тағы әлсіреді. Бағамды ұстап тұруға миллиондаған интервенция да әсер ете алар емес. Доллардың бағамы қор биржасында бүгін 510 теңгеге жетті. Ал ақша айырбастау орындарында АҚШ ақшасы тіпті 519 теңгеден сатылуда. Бұл туралы сарапшылар өз пікірлерін білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “КТК” арнасына сілтеме жасап.
Экономистер Ұлттық банктің теңгені тұрақтандыруға бағытталған шараларының жеткіліксіз екенін айтты. Ал бас банк бүгін Қазақстан қор биржасымен бірлесіп теңге-долларға қатысты сауда-саттық ережелерін өзгертті.
Солтүстіктегі көршімізге салынған санкциялардың салдарынан рубль күн сайын құнсызданып барады. Бұл жағдай Ресей ақшасымен тығыз байланысты теңгенің де күн санап құнсызданатыны белгілі. Ұлттық банк валютамызды тұрақтандыру үшін бүгін Қазақстан қор биржасымен бірлесіп теңге-долларға қатысты сауда-саттық ережелерін өзгертті. Соған қарамастан доллардың бағамы антирекорд жаңартып, 510 теңгеге бір-ақ жетті.
“Доллар бір күннің ішінде 6,21 теңгеге қымбаттады. Қор биржасында сауда-саттық әлі жалғасуда. Бүгінгі аукционда 33 өтініш қабылданды. Оның жалпы құны 210 миллион доллардан асып жығылды. Қазір валюта нарығы құбылмалы болып тұр. Ертеңгі күнді болжау қиын. Бағалы қағаздар мен шетел валютасына сұраныс әлі бар. Ұлттық банкпен бірлесіп сыртқы факторлардың теңгемізге кері әсер етпеуіне қатысты тиісті шараларды атқарамыз”, – дейді "Қазақстан қор биржасы" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Наталья Хорошевская.
Ал ақша айырбастау орындарында көк қағаздың құны тіптен ұшып тұр. Мұнда бір доллар 517 мен 524 теңге аралығында сатылуда. Рубльдің бағамы 4 теңге 16 тиын. Доллардың күрт қымбаттауына байланысты Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 13,5 пайызға дейін көтеріп, валюталық интервенцияға 270 миллион доллар жұмсаған болатын. Алайда экономистер бұл шаралар шатқаяқтаған теңгені нығайта алмады деген пікірде. Сондай-ақ, сарапшылар экономикамызды одан әрі әлсіретіп алмау үшін рубль мен теңге арасындағы тепе-теңдікті сақтауға да күш салу керек дейді.
“Ұлттық банк әр уақыт ұлттық қордағы ақшаны интервенцияға жұмсай алмайды. Ол жанып кеткен ақшаға тең сияқты. Ұлттық банктің жасап жатқан шаралары қазіргі таңда жақсы нәтиже беріп жатқан жоқ. Ұлттық банктің бұл жердегі жұмысы өте ауыр. Біріншіден, Қазақстан теңгесін АҚШ долларына шаққанда құнсыздандырып алмау, екіншіден, теңгемізді рубльге шаққанда күшейтіп алмау. Өйткені геосаяси фактор қатты әсер етіп жатыр. Ұлттық банкке басқа да маңызды реформалар жасау қажет деп ойлаймын”, – дейді экономист Жасұлан Күшебаев.
Санкция Қазақстанда жұмыс істейтін ресейлік банктерге де тиюі мүмкін. Сондықтан қаржы нарығын реттеу агенттігі ұлттық банкпен бірлесіп тиісті шараларды атқармақ. Ең басты мәселе – банктердің беретін несие пайызын жоғарлатуына жол бермеу. Мамандар қарапайым халыққа ақша айырбастау орындарына жүгірмей, сәл сабыр сақтауын сұрайды. Себебі, долларға деген сұраныстың артуы да ұлттық валютаға кері әсерін тигізген.