“Ерте ме, кеш пе Ресейге қосылады”: ШҚО тұрғыны "сепаратистік пікірі үшін" бес жылға сотталды
Шығыс Қазақстан облысы Алтай аудандық соты Instagram әлеуметтік желісінде “Шығыс Қазақстан облысын Ресейге қосу керек” деп пікір жазған 43 жастағы аудан тұрғынын “сепаратизм” бабы бойынша бес жыл түрме жазасына кесті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Азаттық радиосына сілтеме жасап хабарлайды.
Оның кәмелетке толмаған баласы бары ескеріліп, жазаны орындау мерзімі бес жыл кейін шегерілген.
13 желтоқсанда шыққан сот шешімі заңды күшіне енген жоқ. Іс материалында айыпталушы "Совет одағын қайта құру және Шығыс Қазақстан облысының аумағын Ресейге қосу” идеясын ұстанып, Қазақстанның тұтастығын бұзуды “насихаттаған” деп жазылған.
Сот құжаттарына сүйенсек, айыпталушы сотта “Қазақстан Конституциясын бұзу туралы жаман ниеті болмағанын”, жазған пікіріне “өкінетінін” айтып, кешірім сұраған.
- Ресейдің саясаты мен әрекетіне қарсы пікір білдірген белсенді Данат Намазбаев түрмеден хат жазды
- "Интеллектісі 13 жасар баламен тең": Мәжілісмен ресейлік депутаттың арандатушылық шабуылдарына жауап берді
Еске салайық, биыл тамызда Алтай қаласында жөнделіп жатқан Ленин ескерткіші құлап, бүлінген. Осы сәттің видеосы Instagram-да тарағанда, әлеуметтік желі қолданушылары ескерткішті орнына қою-қоймау мәселесін де қызу талқылаған. Сот қаулысына қарағанда, айыпталушы осындай видеолардың біріне ескерткіштің “құлатылғанына” наразы екенін айта келе, Шығыс Қазақстан “ерте ме, кеш пе Ресейге қосылады” деген пікір қалдырған. Оның пікірі кейбір адамдардың наразылығын туғызған.
Полиция 18 тамызда Ленин ескерткішінің құлауы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлаған, бірақ нәтижесін әлі жариялаған жоқ.
Биыл Қазақстанда "сепаратизм" бабы бойынша бірнеше іс сотта қаралды. Петропавлда "тәуелсіздік" жариялаған "халық кеңесінің" төрт мүшесі түрмеге кесілді. Орал қаласының қылмыстық істер жөніндегі сотында "сепаратистік әрекет жасады" және "алауыздық қоздырды" деп айыпталған жергілікті екі тұрғынға үкім оқылды.