Ернар Айдар ауруханадан шықты
Беті бері қараған Ернар Айдар ауруханадан шықты. Қазір әншінің жағдайы бірқалыпты.
Бұл туралы Ернардың директоры Жазира Еркін Stan.kz тілшісіне айтып берді.
Десе де ол әлі бірнеше ай дәрігердің бақылауында болады. Омыртқасы сынған Ернарға 1 айға жуық уақыт отыруға тыйым салыныпты. Қазір Ернар өзінің Алматыдағы үйінде екен.
“Ернар бүгін ауруханадан шығарылды, қазір үйде анасының жанында. Жағдайы бірқалыпты, бірақ күтім қажет. Толық емделіп шығуы 3-4 ай уақытты қажет етеді. Әзірге оған отыруға болмайды”, – дейді Жазира Еркін.
Жазираның айтуынша, Ернар өздігінен жүре алады. Тек ұзақ емес. Әнші шығармашылық жұмысын 1 айға тоқтатады.
“Еш уайымдамаңыздар, қазір алаңдайтын нәрсе жоқ. Ернардың жанында анасы мен жеңгесі бар”, – дейді Жазира әншінің тыңдармандарына.
Ернардың ағасы әрі продюсері Талғат Айдар да ауруханадан шығыпты.
“Ол кісіге ота жасалмағандықтан, кішкене қиын болып жатыр. Оған да күтім керек. Жалпы жағдайы бірқалыпты”, – деп түйіндеді сөзін Ернардың директоры.
Есте болса, сәуірдің 11-нен 12-сіне қараған түні әнші Ернар Айдар продюсерімен бірге жол апатына ұшыраған болатын. Омыртқасы сынған әнші бірнеше күн жансақтау бөлімінде жатты. Ернар біраз уақытқа дейін есін жинай алмады. Сәуірдің 14-і күні Ернар есін жиды.
Жіберіп алмаңыз:
Роза Рымбаева өзімен суретке түскісі келетіндерді «әдепсіз әрі бетпақ» деп атады
Мәдина Сәдуақасова жарнамаға түскені үшін сынағандарға жауап берді
Нан пісіріп тұрып ән айтқан Динара Сұлтан желіні “жарды” (видео)
Есентаева: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорыққандықтан ажыраспай келдім