Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қаңтар оқиғасына қатысты айыпталған экс-министр Ерлан Тұрғымбаев шартты жазамен құтылып кетті

Астананың Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Ішкі істер министрлігінің бұрынғы басшысы Ерлан Тұрғымбаевқа қатысты қылмыстық іс қаралды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Ішкі істер министрлігі

Ол Қаңтар оқиғасы кезінде ауыр зардаптарға әкеп соқтырған билікті асыра пайдаланды деп айыпталды. Бұл іс кінәні мойындау түріндегі процессуалдық келісіммен "Құпия" санатына жатқызылды. Сондықтан оны қарау бітімгершілік іс жүргізуде жабық форматта өтті.

Сотта прокурор айыптауды қолдап, соттан 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сонымен бірге, Қылмыстық кодекстің 63-бабының (Шартты түрде соттау) негізінде жаза сол мерзімге пробациялық бақылау белгіленіп, тоқтатыла тұрады деп белгіленді.

Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, шын жүректен өкінетінін жеткізді. 

Сот үкімімен Тұрғымбаев Қылмыстық кодекстің 362-бабының 4-бөлігінде (Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану) көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол 10 жылға белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырылды. Сондай-ақ 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.



Ішкі істер министрлігінің экс-басшысына сыбайлас жемқорлық қылмысының белгілері жоқ айып тағылғандықтан, Қылмыстық кодекстің 63-бабы (Шартты түрде соттау) негізінде тағайындалған жазаны шартты деп санау туралы шешім қабылданды.

Сот сотталушының кінәсін мойындауын, шын жүректен өкінуін және бірінші рет қылмыс жасауын назарға алды.

Тұрғымбаевты арнаулы атағы мен мемлекеттік наградаларынан айыру туралы ұсыныс Қазақстан президентіне ұсынылмақ.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық,2024 жылы көктемде Ішкі істер министрлігінің экс-басшысы Ерлан Тұрғымбаевтың ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді. 

Ерлан Тұрғымбаев Ішкі істер министрлігінде 1984 жылдан бері қызмет атқарған. Ол еңбек жолын Саранск қалалық атқару комитетінің ішкі істер бөлімінің қылмыстық іздестіру бөлімінде тергеуші болып бастаған. Осы жылдары Солтүстік Қазақстан облысы, Алматы қаласы полициясының бастығы, Тергеу комитетінің төрағасы болды.

2012 жылдан - Ішкі істер министрінің орынбасары. 2019-2022 жылдары Ішкі істер министрі қызметін атқарған.

1 және 2-дәрежелі "Даңқ" ордендерінің толық иегері, 2-дәрежелі "Айбын" ордендерімен, 1-дәрежелі "Қайсар", 2-дәрежелі "Барыс" төс белгілерімен марапатталған.

Айта кетейік, бұған дейін  ішкі істер министрлігінің бұрынғы басшысы Ерлан Тұрғымбаевтың ұсталғаны туралы БАҚ жарыса жазған еді. Сонымен қатар 20 наурызда Бас прокуратура Тұрғымбаевтан қаңтар оқиғасы ісі бойынша жауап алғанын хабарлаған едік. Ал 30 сәуірде ішкі істер министрлігінің бұрынғы басшысы Тұрғымбаевқа қатысты екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалған еді. 

Талқылау