Ерлан Қошанов мәжіліс төрағасы болып сайланды
Қазақстан Республикасы президенті әкімшілігінің басшысы болған Ерлан Қошанов Парламент мәжілісінің төрағасы болып сайланды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
1 ақпанда мәжілістің жоспардан тыс отырысында Ерлан Қошанов мәжіліс спикері болып сайланды. Парламенттің төменгі палатасының төрағасы лауазымына басқа кандидаттар ұсынылмады.
Айта кетсек, Ерлан Қошанов бүгін мәжіліс депутаты болып сайланған еді.
60 жастағы мәжілістің жаңа спикері – Қарағанды тумасы. 1984 жылы Қарағанды политехникалық институтын, 1999 жылы – Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген. Институт бітірген соң Жезқазған кен-металлургия комбинаты байыту фабрикасының слесары, шебері болып істеді.
1988-1990 жж. – жұмыскер және ауыл жастары бөлімінің нұсқаушысы, Қазақстан ЛКЖО Жезқазған облыстық жастар проблемаларының әлеуметтік-экономикалық бөлімінің меңгерушісі.
1990-1995 жж. – Жезқазған облыстық комитетінің сыртқы экономикалық байланыс комитетінің жетекші маманы, бөлім бастығы, төрағасының орынбасары, төрағасы.
1995-1999 жж. – Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты.
1999-2001 жж. – Қазақстан Республикасының Парламентіндегі ҚР Үкіметінің өкілі.
2001-2003 жж. – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесі Басшысының орынбасары – Қазақстан Республикасының Парламентіндегі ҚР Үкіметінің өкілі.
2003-2006 жж. – Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация вице-министрі.
2006-2007 жж. – Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің азаматтық авиация комитетінің төрағасы.
2007-2012 жж. – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесі Басшысының орынбасары – Қазақстан Республикасының Парламентіндегі ҚР Үкіметінің өкілі.
2012-2017 жж. – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің Басшысы.
2017-2019 жж. – Қарағанды облысының әкімі.
2019 жылдың 18 қыркүйегінен – 2022 жылдың 1 ақпанына дейін ҚР президенті әкімшілігінің басшысы қызметін атқарды.
Еске салсақ, бұған дейін ҚР Парламенті мәжілісінің спикері “Nur Otan” фракциясының палатадағы жетекшісі Нұрлан Нығматулин болған еді. Ең алғаш рет ол бұл лауазымға 2012 жылы сайланған. Екі жылдан кейін президент әкімшілігін басқаруға кеткен Нығматулин 2016 жылы мәжіліске қайта оралып, палатаның VI шақырылымына төрағалық етті. 2021 жылы қаңтардағы парламенттік сайлаудан кейін Нұрлан Нығматулин мәжілістің VII шақырылымының спикері атанды.
Бұған дейін Нұрлан Нығматулин өкілеттігін тоқтату туралы өтініш бергені айтылған еді.