Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тамақтанып отырған адамның мазасын алмау керек": Жанар Айжанова Корея елінен алған әсерін айтты

Азиядағы ең үздік актрисалардың бірі деп танылған Жанар Айжанова Корея елінен алған әсерімен бөлісті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Түнгі Студия" тележобасына сілтеме жасап. 

Жанар Айжанова Азиядағы ең үздік актрисалардың бірі деп танылды. Бұл номинацияға ASIA CONTENTS AWARDS-2022 (ACA) (Пусан қ.) фестивалінде “Аппақ келін” веб-сериалындағы басты рөлді сомдағаны үшін қатысты. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Азияның ірі кинонарығында “Үздік әйел рөлі” номинациясы бойынша бес үміткердің қатарына кірген алғашқы отандық актриса болды.

8 қазан күні Пусан қаласында марапаттау рәсіміне Жанар Айжанова өзі қатысып, ерекше сезіммен елге оралған.

“Үш ұйықтасам да менің түсіме кірген жоқ. Себебі бізде мүйізі қарағайдай мықты-мықты актрисалар жеткілікті. Маған Оскардан кейінгі Азия бойынша ең мықты фестиваль осы деп түсіндірді”, – дейді Айжанова.

87 актердің ішінен бестікке іліккен актриса бұл жетістікті веб-сериалға жұмсалған күш пен еңбектің ақталғаны деп түсінеді. Ең әуелі аталмыш фестивальге қатысу үшін веб-сериалдың бірінші бөлімін ғана жіберген еді.

Алайда фестиваль президенті сериалдың жалғасын көру үшін өтініш білдіріпті.

“Маған сол фестивальдің президенті қасыма келіп, алғысын айтып, мақтауын білдірді. Бірінші бөлімнен соң орамал таққан қазақ келінінің өмірі қандай болатыны, қалай өмір сүретіні қызықтырыпты. Мен де аузымды жаппай, бар білгенімді айттым, мақтандым. Егер осындай халықаралық шараларда қазақ әйелдерінің даналығын үнемі айтып жүретін болсақ, күллі әлем бізге тамсанары ақиқат. Бізге жарнама жетіспейді”, –  деп іштегі “қап, әттеген-айды” да актриса жасырып қалмады. 

 

Корея еліндегі үлкен шараға қатысып келген Жанар Айжанова олардың мәдениетіліктерін де ерекше мақтады.

“Өте қарапайым екен. Мен президентпін, мен мықтымын деп кеудесін қағып жүрген бір кәрісті көрмедім. Бәрі сыпайы, бәрі қарапайым”, – деп әңгімесін жалғастырған әнші аталмыш елдегі тазалықтың да орны бір төбе екенін мойындады.

“Ол елде көрінген жерде темекі тартып, түкіруге болмайды екен. Белгіленген жерге бар шылымын шегіп, өшіріп, үстіне суын сеуіп, иісін кетіріп кетеді. Бұл біздің қазақтарға жетіспей жүрген мәдениет. Негізі тарихымызда одан да мықты мәдениеттің көкесі бар. Тек ұмытылып бара жатқаны өкінішті. Мысалы, тамақ ішіп отырған адамға сырттан келген қонақ қолын беріп амандаспайды. Ол – біріншіден тазалықты сақтамау. Екіншіден, тамақтанып отырған адамның мазасын алмау керек. Ал, қазір асықпай кіреді, орныңнан тұрғызып, бетіңді сүйіп амандасады. Қазір еркекпен еркектің еріннен сүйіп амандасқанын көріп, шошып жүрміз. Асыра сілтеумен бәрін құртып жатырмыз. Бұл өз мәдениетімізді аяққа таптады деген сөз”, – деп өкпесін де айтып, тарихқа шолуда жасап үлгерді ол.

Жанар Айжановаға Корея еліндегі тіл мәселесі ерекше әсер етіпті.

“Басқа тілде ешкім сөйлемеді. Кәрісше білмейтін бір актриса немесе актерді көрмедім. Бәрі басынан аяғына дейін өз тілдерінде сөйледі” дейді.

Актрисаның айтуынша, өзін сыйлайтын, елін сыйлайтын, мәдениетін сүйетін әр азамат өз тілінде сөйлеуі міндетті. Бұл XXI ғасырда қазақ еліне қажетті ең маңызды құндылық екенін де еске салып өтті. 

Талқылау