Ерке Есмахан Мальдивке барып, Қайрат Нұртасқа тосын сый жасады
Қайрат Нұртастың биылғы туған күні ел аузында ұзаққа дейін қалары сөзсіз. Жанына 30 адамды жиып, Мальдив аралдарына аттанған әнші тағы да елді шулатты. Бұл жолы жұрттың талқысына хитменнің әріптесі Ерке Есмахан себепкер болды. Ол Мальдив аралдарына барып, Қайратқа тосын сый жасады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Күтпеген тосын сыйдың кадрларымен Гүлзира Айдарбекова бөлісті.
"Досы, әріптесі Ерке Есмахан бүгін ұшып келіп, концертте тосын сый жасады. Туған күннің гүлі болып келіп қалған Еркеша, рахмет саған. Қуанып қалдық, шок болдық. Мұхит асып келіп тұрған жүрегіңнен айналдым, аналық тілегім мол. Өнердегі келіп тұрған жалғыз досы. Еркежан, жұлдызың жансын! Биіктен көрін!
Бұл жақсылығыңды ұмытпаспыз. Қайрат ешкімнің жақсылығын ұмытқан емес. Енді сен үшін ол Африкаға баруға дайын", – деп жазба қалдырды Қайраттың анасы желідегі парақшасында.
Ерке Есмахан Қайрат Нұртасты барша әріптестерінің атынан құттықтады.
"Қуанышыңды бөлісуге келіп қалдым", – деген ол Қайратпен бірге өзінің репертуарындағы "Аэропорт" әнін орындады.
Желі қолданушыларының бір тобы сыйластығы жарасқан әріптестерге тәнті болса, екінші тобы Еркенің орнына әншінің жұбайы Жұлдызды көргісі келетіндерін жазды.
"Жұлдыз қайда? Күйеуінің туған күнінде Жұлдыз емес, қасында Ерке жүр ғой", – деп жазды оқырманның бірі.
"Жұлдыз келсе де, келмесе де, Ерке келуші еді құттықтап. Жақсы араласамыз, қызымдай болып кеткен. Ешбір қызығымнан қалған емес", – деп жауап берді Гүлзира Айдарбекова.
Айта кетейік, бұған дейін Қайрат Нұртастың Мальдивте туған күнін қарсы алғанын жазған едік. Ол Мальдив аралдарына балаларын алып баруды қалаған. Тек "қанша тырыссам да, бұйырмады" деген әнші бұған дейін әсерлі видео жариялаған еді. Онда Қайрат балаларының ән айтқан сәтін көзіне жас алып тамашалауда. Ал Жұлдыз Әбдукәрімова балаларын неге әкесінің туған күніне жібермегенін түсіндірген еді.