Ердоғанның жеңісінен кейін Түркияда ұлттық валюта құлдырады
Түркиядағы президент сайлауынан кейін валюта бағамында да өзгерістер орын ала бастады. Сарапшылар тіпті лира жыл аяғына дейін 29 пайызға құлдырайды деген болжам жасап отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Bloomberg-ке сілтеме жасап.
Реджеп Тайып Ердоған Түркиядағы 20 жылдық билігін тағы 5 жылға ұзартқаннан кейін елде валюта бағамы әлсірей бастады. Сарапшылар 29 пайызға дейін құлдырап, долларға шаққандағы бағамы 26 лирді құрауы мүмкін екенін айтуда. Тіпті егер елде ағымдағы ақша-несие саясаты өзгермесе, жыл соңына қарай бағам бір доллар үшін 28 лираға жетеді.
Сарапшылар Түркияның ұлттық валютасының күрт әлсіреуін Ердоған ұстанатын әдеттен тыс саясатпен байланыстыруда. Осы тәсіл аясында Орталық банк жоғары инфляцияға қарамастан пайыздық мөлшерлемелерді төмендекен. Салдарынан бұл жүйе аясында лира бағамы 2021 жылдың басынан бері үш есеге дейін төмендеген. Сәуір айында Түркиядағы инфляция мөлшері 43,68 пайызды құрады.
Morgan Stanley сарапшылары мұндай саясат шетелдік инвесторлардың түрік нарығынан жаппай кетуіне себеп болғанын айтуда. Өйткені 2013 жылдан бері Түркиядағы бағалы қағаздардың шетелдік активтері шамамен 85 пайызға (шамамен 130 миллиард долларға) қысқарған.
Еске салайық, Реджеп Тайып Ердаған президент сайлауының екінші кезеңінде жеңіске жеткенін бұған дейін жаздық. Кейін оның басты қарсыласы, оппозициялық партия жетекшісі Кемал Кылычдароғлы сайлауды ел тарихындағы ең әділетсіз өткен науқан екенін мәлімдеді.