Ер адам донор табылмағандықтан, 100 күн жасанды жүрекпен өмір сүрген
Жедел жүрек жеткіліксіздігінен зардап шегетін аустралиялық ер адам донор табылмағандықтан, жасанды титан жүрекпен өмір сүрді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Bivacor
Жаңа Оңтүстік Уэльстің 40 жастағы тұрғыны жасанды жүрекпен 100 күн өмір сүрген әлемдегі алғашқы адам болды. Ол – толық жасанды жүректі алған әлемдегі алтыншы адам. Бірақ Аустралияда мұндай ота бірінші рет жасалыпты.
Алғашқы бес имплантация өткен жылы АҚШ-та жасалды. Десе де барлық науқасқа ауруханадан шығар алдында донорлық жүрек табылып, жасанды жүректі донор жүрегіне ауыстырып алыпты. Донорлық жүректі имплантациялау мен трансплантациялау арасындағы ең ұзақ кезең 27 күн болды.
Аустралиялық науқасқа бұл құрылғыны 22 қарашада Сиднейдегі Сент-Винсент ауруханасында кардиоторакальді және трансплантациялық хирург Пол Янс алты сағаттық ота кезінде орнатқан.
Жасанды жүректі Калифорниядағы BiVACOR компаниясы жасаған. Науқас онымен 100 күннен астам өмір сүрді, ал наурыздың басында оған донорлық жүрек табылды.
Жасанды жүрек сау жүректің табиғи қан ағынын қайталау үшін магниттік левитация технологиясын қолданады. Яғни имплантацияланатын айналмалы қан сорғысы.
Бұл екі қарынша жүрек жеткіліксіздігі бар емделушілерге арналған. Ал көбіне инфаркт және коронарлық артерия ауруы болғанда, ол қанды денеге дұрыс айдай алмайды.
Әкесі жүрек ауруынан қайтыс болғаннан кейін аустралиялық биоинженер, BiVACOR негізін қалаушы Дэниел Тиммс бұл өнертабысты ойлап тапты.
Бұған Аустралия үкіметі 50 миллион доллар бөлген.
Еске салсақ, америкалық әйел шошқаның бүйрегімен ең ұзақ өмір сүрген науқас атанған еді.