Энергетика министрі екі мұнай өңдеу зауытының ресейлік компанияларға сатылғаны туралы ақпаратқа пікір білдірді
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Атырау мен Павлодардағы екі қазақстандық мұнай өңдеу зауытын жекешелендіру жөніндегі ақпаратты жоққа шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үкімет кулуарында журналистер министрдің назарын мұнай өңдеу зауыттарын ресейлік "Лукойл" және "Газпром" компанияларына сату туралы ақпаратқа аударды.
"Нақты сатып алушыларға келер болсақ, энергетика министрлігіне ешкім мұндай мәмілелерді келісуге келген жоқ. Сондықтан мен "ҚазМұнайГаз" пікірімен келісемін, қандай да бір коммерциялық мәмілелер туралы айтуға ерте. Жалпы, өздеріңіз білетіндей, Қазақстанда "ҚазМұнайГаз" және CNPC (Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясы) компанияларына 50 де 50 тиесілі мұнай өңдеу зауыты бар", – деді Алмасадам Сәтқалиев.
Ол "ҚазМұнайГаз" активтерін сату компанияның өз құзыретінде екенін атап өтті.
Сонымен қатар екі жыл ішінде мемлекет басшысының жарлығымен екі отандық мұнай өңдеу зауытын жекешелендіру жоспарланып отыр ма деген сұраққа жауап берді.
"Біріншіден, "ҚазМұнайГаз" – қазірдің өзінде жеке компания. IPO нәтижесінде оның акцияларының бір бөлігі қолданыста, айналымда, сұранысқа ие. Компания акционерлері – Қазақстан азаматтары, кәсіпорындары. Компания мемлекеттік емес, жекеменшік. Жекелеген зауыттарға келетін болсақ, біз коммерциялық ұсыныстардың кәсіпорын тұрғысынан да, қайта өңдеуді дамытудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру тұрғысынан да қаншалықты тиімді болатынын қарастыруымыз керек", – деп түйіндеді энергетика министрлігінің басшысы.
Бұған дейін Атырау және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарының жекешендірілгені туралы қауесетті “ҚазМұнайГаз” ұлттық компаниясы да жоққа шығарған еді.