Енді қазақстандықтар зейнетақы қорынан берілетін төлемдерге салық төлемейді
Қазақстанда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан алынатын төлемдерге салынатын жеке табыс салығы алынып тасталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: freepik.com
Бұл туралы мәжілісте жаңа салық кодексін таныстырған ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин мәлімдеді.
"Жаңа салық кодексінде Бірыңғай зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдерін жеке табыс салығынан босату көзделген", – деді вице-министр.
"Дубайда 3000 пәтер бар": Не себепті шетелде мүлкі Қазақстандық олигархтарға салық салынбайды
Сонымен қатар жаңа ережеге сай Қазақстанда ескі көліктерге салынатын салық төмендетіледі:
- 10 жылдан жоғары – 30%-ға;
- 20 жылдан жоғары – 50%-ға.
"Сән-салтанат объектілеріне салынатын салықты ұлғайту міндетін іске асыру үшін мыналар ұсынылады: жалпы құны 450 млн теңгеден асатын жылжымайтын мүлікке салынатын мүлік салығын арттыру; кедендік құны 75 миллион теңгеден асатын жеңіл автомобильдерге қосымша акциз; қымбат алкоголь мен темекі өнімдеріне, сондай-ақ қымбат теңіз кемелері мен әуе кемелеріне қосымша акциз салығы", – деді Азамат Әмрин.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда банк шоттарын бұғаттау ережелері өзгертілетіні туралы жазған едік.