Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Енді әнші болмайсың": Бибігүл Төлегенова жас кезінде дауысынан айырылып қала жаздағанын баяндады

Күні кеше өзінің 90 жас мерейтойын атап, елбасының қолынан бриллиант сағат таққан КСРО Халық әртісі, бұлбұл әнші Бибігүл Төлегенова Астана телеарнасындағы "Оңай емес" бағдарламасына сұхбат беріп, бұрын-соңды айтпаған сырларымен бөлісті. Әнші балалық шағы өте қиын болғанын, зұлмат соғысқа тап келгенін, әкесінен тым ерте айырылғанын айтып көзіне жас алды. 

"Кейде ойлаймын, Құдай-ау, қалай тірі қалғанбыз андай өмірден деп", - дейді әнші.

11 жасында қара жұмыс істегенін айтқан әнші балалық шағы қиын болғанын жасырмады. Дарыны анасынан дарыған екен.

"Қазіргі балаларды, Құдайға шүкір, бізге қарағанда, періштедей асыраймыз. Отан соғысында басқалары қиындық көрсе, біз екі есе қиындық көрдік. Репрессияланған адамның баласы болғасын. Жейтін тамақ жоқ. Үсіп кеткен картоп, капустаны жинап, үйге әкелетінбіз. Анамыз суық суға жібітіп, пісіретін", - деген әнші бала кезінде тіпті қаншалықты қиындық басқа түскенін сезінбегендерін айтады.

Алматыға 1948 жылы келген әнші 18 жасында консерваторияға түседі.

"Анам сен Алматыға барғанда байға тиіп, бала туып отырасың, сабақ оқымайсың деп ұрысты. Бибінұр деген апам менен бір жас үлкен, сен бара бер, бірдеңе ғып күн көрерміз деп жіберді. Анам мал фермасында жұмыс істеп, бруцеллез жұқтырып, қол-аяғы ісіп, жұмыс істей алмай қалды. Жұмыс істейтін жалғыз мен едім. Апам техникумда оқиды. Алматыға келгенде ешкімді білмеймін, мені ешкім танымайды, топырағы торқа болсын, Ахмет Жұбанов қатты көмектесті. Мені 7 класс біліммен консерваторияға қабылдады. Әннен жоғары балл алдым, басқасынан төмен", - деп Алматыдағы алғашқы жылдарын еске түсірді әнші.

Әнші алғашқы оқуға түскен жылдары дауысына шамадан тыс салмақ түсіп, Құдайдың берген дарынынан айырылып қала жаздағанын айтады.

"Мен келе сала, әрине, күйеуге шықтым, анам айтқандай, бала тудым арасында. Бірақ та мен тырысып оқыдым, бір жылдан кейін дауысыма зақым келе бастады. Кәсіби әншілерге аяғы ауыр болғанда 5-6 айдан бастап ән айтуға болмайды екен, дауысқа зақым келеді. Мен оны білмегем. Содан директордың кабинетіне шақыртты, Ахмет Қуанұлы отыр (Жұбанов - ред.), директор, тағы бір кісілер, бірдеңе талқылап жатыр. Содан директор айтады, нағыз әнші болу үшін бала да тумау керек, күйеуге де шықпау керек. Әне сен дауысыңды құрттың, енді әнші болмайсың деп. Мен: "Арсений Константинович, я вам докажу, что советская женщина имеет право и работать, и образование получать, и рожать" деп орысша айттым да, шығып кеттім. Содан көп ұзамай басқа ұстаз келді, ол мені танимын деп, бірақ ән салғанда танымай қалды дауысымды. Барлығын түсіндіріп айттым. Күш түскенін түсінеді, вокалдық диета қажет екенін айтты. Ақырын салмақ салмай, дауысын қалпына келтіру керек деді. Екінші курста қайтадан көтердім, ұстазым маған қолдау көрсетіп, мүлдем ән айтқызбады. Содан оқу бітірдім, театрға жұмысқа тұрдым", - деп бөлісті әнші.

16 желтоқсанда 90 жасқа келген бұлбұл әнші өзінің жасы үшін денсаулығы жақсы екенін айтады.

Талқылау