Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде ең төменгі жалақының өсуі нені білдіреді? Еңбек министрлігі түсіндірді

Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекте Қазақстан халқына жасаған жолдауында елдегі ең төменгі жалақы мөлшерін өсіру туралы айтқан еді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері (бұдан әрі – ЕТЖ) 60 000-нан 70 000 теңгеге дейін ұлғайтылады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

теңге

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс берушілер жұмыскерлерге еңбекақыны ЕТЖ-дан төмен емес деңгейде қамтамасыз етуге міндетті екенін айтты. Осының арқасында әртүрлі меншік нысанындағы кәсіпорындардың барлық салаларында жұмыс істейтін жалақысы 70 мың теңгеге дейінгі 1,8 миллионға жуық жалдамалы жұмыскердің ақшалай кірісі өседі.

“Бірінші кезекте ЕТЖ көтерілуі "жалақысы төмен" қызметкерлерге қатысты болады. Екіншіден, жалақы деңгейін белгілеу кезінде ЕТЖ көрсеткішін пайдаланатын жұмыс берушілер разрядаралық біліктілік жүйесін ескере отырып, қызметкерлердің басқа санаттарының жалақысын қайта қарайтын болады. Сонымен қатар Мемлекет басшысы ҚР Үкіметіне ең төменгі жалақыны анықтаудың жаңа әдістемесін енгізуді тапсырды, бұл оның мөлшерін кезең-кезеңімен арттыруға мүмкіндік береді”, – делінген хабарламада.



Тапсырманы орындау үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мамандары динамикалық тәсілдемеге негізделген және негізгі экономикалық көрсеткіштерді ескеретін ең төменгі жалақыны айқындау әдістемесін әзірлеуге кірісті.

Ең төменгі жалақы еңбек саласындағы ең төменгі әлеуметтік стандарт болып табылады және тиісті қаржы әр жыл сайын "Республикалық бюджет туралы" ҚР Заңымен белгіленеді. 

Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі жолдауында үкімет ең төменгі жалақыны анықтаудың жаңа әдістемесін енгізетінін және соның негізінде оның мөлшері біртіндеп ұлғаятынын айтты.

Талқылау