"Эмоцияға берілмейік": Мәжілісте депутат пен вице-министр сөзге келіп қалды
Мәжіліс депутаты мен ауыл шаруашылығы вице-министрі сөзге келіп қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: parlam.kz
Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров аграрлық мәселелер комитетінің кеңейтілген отырысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабекке шаруаларға берілетін тұқым сорттарына қатысты сұрақ қойды.
“Уәде етілген тұқымдар туралы. "Азық-түлік келісімшарт корпорациясынан" тұқым береміз деп жатыр. Бірақ олар жүздеген фермерден келіп, араласып кеткен тұқымдар. Оны қай бетімізбен шаруаларға ұсынамыз? Оның өзінің фазалары, сорттары бар. Оның бәрі араласып кеткен”, – деді Айдарбек Қожаназаров.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек депутат көтерген мәселеге қатысты пікірін айтты.
“Айдарбек Асанұлы, кішігірім лекцияңызға рахмет. Тұқым мәселесі бойынша. Біз қазіргі таңда 1 млн тонна астық бар екенін айттық. "Қазақстан аграрлық сараптамасы" сараптама жүргізеді. Тұқымға жараған жағдайда шаруаларға тауарлық несие ретінде беріледі. Елдің барлығы сіз сияқты үлкен шаруа қожалығы емес. Бірінші репродукция егетін, екінші, үшінші, төртінші репродукцияға дейін егетіндер бар. Сол себепті ол жағдайларды да қарастырып отырмыз”, – деді вице-министр.
Депутат мен вице-министр осы тақырып төңірегінде сөзге келіп, эмоцияға беріліп кеткен.
Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев екі әріптесіне эмоцияға берілмеуін сұрап, сабырға шақырды.
“Құрметті әріптестер, эмоцияға түспейік. Біз мұнда ұрысу үшін келген жоқпыз ғой. Мәселелердің шешу жолын талқылайық. Бір кемедеміз”, – деді комитет төрағасы.