"Емдеу кезінде кеңірдектегі шеміршегін сындырып жіберген": Дәрігер Юрий Шумковты не үшін атып өлтіргені белгілі болды
Алматыдағы дәрігер Юрий Шумковты атып өлтірген күдіктінің анасы алғаш рет мәлімдеме жасады. Айтуынша, ұлының іш құрылысын тексеру үшін зонд тыққанда кеңірдегіндегі шеміршегін сындырып жіберген. Сол жарақаттан нәр тата алмай қалған жігіттің жағдайы күннен-күнге нашарлапты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Анасының айтуынша, Шумков кінәсін мойындамай, маңайлатпай қойған. Ашынған жігіт ақыры осындай ауыр қылмысқа барған. Жақындары тергеу изоляторындағы айыпталушының жағдайы одан бетер нашарлап, жүріп-тұрудан қалды дейді.
Ақпанда гастроэнтеролог Юрий Шумковтың қабылдауына жазылғанда Нұржанның денсаулығы жақсы, зіңгіттей жігіт болған. Анасының айтуынша, асқазанын тексеру үшін наркозбен зонд өткізгенде кеңірдектегі шеміршегі сынып, екі айдың ішінде 95-тен 64 келі салмаққа бір-ақ түскен. Тамақ іше алмай құр сүлдері қалған жігіттің дәрігер қатесін мойындамай, теріс айналғаннан осындай қылмысқа барғанын айтады анасы.
"Кейін барды, менсіз барды, келінмен. Сол кезде барып айтса, тыңдамай салқын шығарып салыпты. Өйткені барлық жерге барып қаралғанда, ешқандай дәрігер алатынын алып, қаралатынын қаралып алғаннан кейін, тіпті бұдан қаша бастады. Жазылмағаннан кейін олар ешқандай диагноз қоймады, қаша бастады", – дейді күдіктінің анасы Бақыт.
"Қолымен істегенді мойнымен көтереді” деген анасы Нұржан сотқа жетпей өліп кете ме деп сары уайымға түскен. Тергеу изоляторында хәлі күрт нашарлап кетіпті. Қағаз жүзінде “денсаулығы қалыпты” дегендердің сөзіне күдікпен қарайды.
"Зембілмен әкеліп жолықтырады. Не тұра алмайды, не жүре алмайды, не тамақ іше алмайды. Жанындағы дәретін, құсқан құсықтарының бәрін жанындағы адамдар төгіп қарап жатыр. Ал дәрігер қарайды дегені, олар қағаз жүзінде ғана қарап жатыр. Негізінде балаға ешқандай ем қолданып жатқан жоқ. Себебі дәрігерді өлтірдің дегендей балама қарамай отыр", – деп қосты анасы.
Өз дәрігерін ту сыртынан атып өлтірген жаға ұстатарлық жайт сәуірдің төртінде болды. Юрий Шумков алған жарақаттан тілге келмей сол жерде жан тапсырды. Полиция тергеу құпиясы деген желеумен осы уақытқа дейін қылмысқа қандай себеп итермелегенін айтпаған еді.
35 жастағы күдікті Нұржан – үш баланың әкесі. Жеке кәсіпкерлікпен айналысқан. Осыған дейін істі болмаған. Түрмеге отырса да, “о дүниеге аттанып кетпесін” деп шырылдаған ана жалғыз ұлының нақақтан-нақақ қараусыз өліп кетпегенін қалайды. Барлығынан өзекті өртеген өкінішпен кешірім сұрайды.
"Құрметті Қазақстан халқы, баламның қылығы үшін 19 миллион халықтың алдында кешірім сұраймын. Қайтыс болған дәрігердің отбасынан, туыстарынан басымды иіп кешірім сұраймын, бізді кешірсін", – деп түйіндеді күдіктінің анасы Бақыт.
Айта кетейік, бұған дейін Алматцыда белгілі дәрігер Юрий Шумковты өлтіріп кеткені туралы хабарлаған едік. Одан бұрынғы емделушісі кек алмақ болған.