Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде пәтерді қолма-қол ақшаға сатып алуға тыйым салынды: Ұлттық банк төрағасы себебін айтты

Фото: freepik.com

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов елімізде құрылыс нарығын ашық ету үшін билік пәтерлерді қолма-қол ақшаға сатуға тыйым салғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменовтың сөзінше, енді құрылыс салушы төлемді банк арқылы жасайды. Бұл  құрылыс компаниялары төлеген салықты бақылап отыруға көмектеседі. 

"Бұл қолма-қол есеп айырысуға тыйым. Енді құрылыс компаниялары ақша толы сөмкені тасып жүрмей, төлемді банк арқылы жасай алады. Менің ойымша, бұл өте маңызды қадам. Егер біз ашық экономикада өмір сүргіміз келсе, мұндай талаптарды мемлекеттік аппаратқа, азаматтарға қоятын болсақ, онда бұл барлығына ортақ ереже болуы тиіс. Бұл бастама жылжымайтын мүлік нарығын анағұрлым ашық етеді деп есептеймін. Сонда біз баға динамикасын, құрылыс компанияларынан қанша салық түсуі керегін көріп отырамыз", – деді Сүлейменов.



Сүлейменовтың сөзінше, құрылыс компаниясымен есеп айырысу банк арқылы жүргізілсе, салық органдары операциялардың нақты сомасын көре алады. Бұл құрылыс компанияларының салықты толық төлеуіне септігін тигізеді. Мұндай шаралар жылжымайтын мүлікті көлеңкелі нарықтан шығаруға көмектеседі дейді банк төрағасы. 

Ұлттық банк бұл шаралардың тұрғын үй бағасына және жылжымайтын мүлік нарығына қалай әсер ететінін зерттемеген. Бұл бастама салынып жатқан үйлердегі пәтерлерді сатып алуға ғана қатысты екен. Төлем жасау кезінде үлескер (яғни пәтер сатып алушы) төлем мақсатының арнайы кодын және үлестік қатысу туралы келісімшарттың нөмірін көрсетуі тиіс.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық банк енді үлескерлердің тұрғын үйді қолма-қол ақшаға ала алмайтынын хабарлаған еді. 

Жұмаділлә Нұрила
Жұма, 11 Шілде, 2025 17:24
Талқылау