Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Олимпиада басталмас бұрын қиындыққа тап болдым": Елдос Сметов Париждегі жеңісі туралы сұхбат берді

Дзюдодан Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов жеңіске жеткен сәттегі сезімі мен чемпиондық жолы туралы сұхбат берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: olympic.kz

Спортшының сұхбаты ұлттық олимпиада комитетінің сайтында жарияланды. Сұхбатта Елдос Сметов осыған дейін қатысқан олимпиада ойындарын еске алады. 

“Алғаш рет 2016 жылы Риода өткен Олимпиада ойындарына қатыстым. Ол кезде жауапкершілік өте жоғары еді. Бірақ мен финалға өттім. Сосын тұғырдың екінші басқышында тұрдым. Осы кезде қарсыласымның құрметіне әнұраны шырқалып, біздің туымыз сәл төменірек желбіреді. Сол кезде марапаттау рәсімінде туымыз өзгелерден биік болып, Қазақстанның әнұранын бүкіл әлем тыңдаса екен деген мақсат қойдым.

Токио ойындары мен үшін өте қиын болды. Еркін қозғала алмадық. Оған қоса, жарыс аяқталғаннан кейін келесі күні ол жерден бірден ұшып кеттік. Залда қолдау да, жанкүйерлер де болмады. Барлығы жабық. Пандемия кезінде болғандықтан, Олимпиада екі есе қиын болды. Мен қола жүлдені ғана ала алдым”, – дейді спортшы. 

Сметов Олимпиада чемпионы болуды бала кезінен армандағанын айтады.


Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметовтың қанша гонорар алатыны белгілі болды


“Ақырында, Парижде бала күнгі арманымды орындадым – Олимпиада алтынын жеңіп алдым. Бұл тарихи жеңіс деп айта аламын. Мен армандағандай Қазақстанның әнұранын бүкіл әлем тыңдады. Туымыз екінші немесе үшінші орында емес, өзгелерден биік желбіреді. Спортшы үшін басқа бақыт бар ма? Олимпиада финалында жеңіске жеткеннен кейін мен не болғанын түсінбедім. Менің миым ештеңені қабылдаған жоқ. Мұндай сәтті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Оны тек сезіну қажет”, – дейді Елдос Сметов.

Спортшы Олимпиада басталмас бұрын қиындықтарға тап болғанын айтады. Оның салмағы бір келіге артық болған. Сметов салмақ тастау өзін шаршатқанын және Олимпиада алдындағы күйзелістің салдарынан арықтау қиынға соққанын айтты.

“Бір қызығы, осы Олимпиадада мен бұрын соңды кездеспеген мәселеге тап болдым. Менде артық салмақ болды. Аз емес, бір келіден артық. Шынымды айтсам, салмақ қуу мені шаршатты. Артық салмақтан арылуға тырысып жүріп, ең үлкен жарысымның алдында қатты қиналғаныма қынжылдым. Өйткені менде бұрын ешқашан артық салмақ болған емес. Осы кезде қасымда болған массажисттерге рахмет. Мен салмақ өлшеу рәсімінен өткенше ешкім тоқтаған жоқ”, – дейді спортшы. 

Елдос Сметов жекпе-жек кезінде өзіне қолдау көрсеткен әрбір қазақстандыққа алғысын білдірді. Ол залдағы көрерменнің қошеметіне шабыттанатынын айтады. 

"Мен елге әлі оралған жоқпын, бірақ осы жақта да қолдауды сезіненіп жатырмын. Мен әлі отбасыммен дұрыстап сөйлесе алмадым: телефонға қарау мүмкін емес. Хаттар мен хабарламалар өте көп. Мен бәріне жауап беруге тырысамын. Сіздерге үлкен рақмет!

Осындай қолдаумен маған қарсы шыққан кез келген адамды жеңетін едім. Маған әсіресе қарсыластарымды өз елдерінде жеңген ұнайды. Жанкүйерлер қарсыласымды қолдаған сайын мен жеңіске жеткім келеді. Осыдан ләззат аламын", – деді спортшы. 

Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық дзюдошы Елдос Сметовтің Париждегі Олимпиада ойындарында Қазақстанға алғашқы алтынды әкелгені туралы жазған едік. 

Талқылау