Елдос Қоспаевтың бауыры 12 жылға бас бостандығынан айырылды
Видеодан скрин (Қаржы мониторингі агенттігі)
Елдос Қоспаевтың бауыры Айбек Қоспаев 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Астанадағы мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сот Айбек Қоспаевқа үкім шығарды.
Айбек Қоспаев жеті бап бойынша кінәлі деп танылды. Олар:
- Ұйымдасқан топқа немесе қылмыстық ұйымға қатысу;
- Рейдерлік;
- Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және басқа мүлікті заңдастыру (жылыстату);
- Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету;
- Заңсыз кәсіпкерлік, заңсыз банктік, микроқаржылық немесе коллекторлық қызмет;
- Контрафактілік тіркеу-бақылау маркалары бар өнімдерді заңсыз сатуды ұйымдастыру;
- Бопсалау.
Сот үкімі бойынша Айбек Қоспаев 12 жылға бас бостандығынан айырылды, мүлкі тәркіленіп, коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқару құқығынан айырылды.
Қоспаев өз кінәсін мойындамады.
"Ештеңе дәлелденген жоқ. Барлығы қолдан ұйымдастырылған, бұл – тапсырыспен жасалған іс. Мен әділдік іздедім, бірақ таппадым. Сіздердің бұл үкімдеріңізбен мүлдем келіспеймін", — деді ол.
Еске салсақ, Болат Назарбаевпен байланысы бар делінген Елдос Қоспаев 15 жылға бас бостандығынан айырылған еді.
2023 жылдың қыркүйегінде Елдос Қоспаев пен оның топ мүшелері "AV-Construction" ЖШС, "Стекольный завод" ЖШС, "Шалқар 17" ЖШС, "Бахар-А" ЖШС және басқа да ірі компанияларды рейдерлік жолмен басып алды деген күдікпен ұсталды. Оны ұйымдасқан тобымен бірге Солтүстік Кипрде ұстап, Қазақстанға жеткізді.

"Дәрігерлер ертерек бала туып ал деді": 24 жасында ерте климаксқа ұшырап, денсаулығы сыр берген ару қыз-келіншектерге жолдау жасады
