Елдегі су тасқыны: Тағы бір облыс қауіп жоғары аймақтар тізіміне енді
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев үкімет отырысында көктемгі кезеңге арналған ауа райы болжамының жаңартылған деректерін ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: ТЖМ
Министр наурыз, сәуір айлары әдеттегіден жылы болады деп болжанғанын әрі еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын көп түсетінін атап өтті. Бұл көктемнің тез келуіне және су тасқыны қаупінің артуына ықпал етеді.
Су тасқыны қаупі жоғары өңірлердің қатарында Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары және Ұлытау және Абай облыстары бар.
Қаупі орташа өңірлер: Алматы, Жетісу, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Атырау облыстары.
Тасқын қаупі төмен өңірлер: Павлодар, Маңғыстау, Түркістан және Қызылорда облыстары.
"Биыл Қазгидромет алғаш рет әр облыс бойынша егжей-тегжейлі анықтамалар дайындады. Бұл анықтамаларда гидрологиялық бекеттер бойынша су деңгейінің және ағысының болжанған ең жоғары мәндері, ағын көлемі және сондай-ақ қауіп аймағында орналасқан елді мекендерді көрсете отырып, болжамды басталу күндері көрсетіледі. Сондай-ақ өткен аптадан бастап Қазгидромет апта сайынғы гидрологиялық болжамдарды шығара бастады. Гидрометеорологиялық жағдай күрт өзгерсе, "Қазгидромет" ескертулерді 2-3 тәулік бұрын хабарлайды", — деп атап өтті Ерлан Нысанбаев.