Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Елбасын жақсы көремін": Бақытгүл Хаменова сот отырысында көз жасына ерік беріп, жіберген қателігін айтты

Бүгін Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бибігүл Хаменоваға қатысты кезекті сот отырысы өтті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Қазақпаратқа сілтеме жасап. 

Фото: atpress.kz

Атыраудағы №2 қалалық сотта облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменоваға, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиевке және "Балқыту" ЖШС директоры Өміртай Адамовқа қатысты сот өтіп жатыр.

Сот барысында ол жылап жіберіп, тұңғыш президентті жақсы көретінін айтты және өз кінәсін мойындамады. Сондай-ақ ол 9 ай бойы балалары мен анасын көрмегенін сөз етті. 

"Назарбаевтың жақтасы дейтін болар, айта берсін. Елбасын жақсы көремін. Ол кісінің елге сіңген еңбегін айта беремін", – деді ол. Сонымен қатар, сөзінше, өзінің  еңбегін ел ұмытпайды.

"Рысқалиев мені бұл іске тек жауапкершіліктен жалтару немесе өз ісіне жазаны жеңілдету үшін тартып отыр. Мен әрқашан сыбайлас жемқорлықтың кез келген түріне қарсы болдым. Рысқалиев қағазға 4 500 000 теңге деп жазып бергенде, мен мұны түсінген жоқпын. "Мен түсінбедім" деп жауап жаздым. Ол: "Алтын Орданың" ақшасы" деп жауап берді. Мен оны демеушіліктің ақшасы болар деп түсіндім. Егер ол заңсыз сыйақы немесе Адамовтың ақшасы деп айтқанда, бұл заңсыз әрекетті жасауға жол бермейтін едім. Мұны демеушілік ақша деп ойлап, Жәнібек Аманиязовқа 2 500 000 теңге беруді өтіндім. Оны "Алтын Орда" іс-шарасын ұйымдастырғаны үшін Сарайшық ауылының әкіміне тапсыруы тиіс еді. Ал қалған 2 000 000 теңгені Рысқалиевке өзіңе қалдыр дедім. Бұл ақшаны іс-шараны өткізу кезінде біз қарыз болған "Асыл өлке" қоғамдық бірлестігіне беру керектігін ашып айтпадым. Жіберген қателігім осы еді", –  деді Бақытгүл Хаменова.

Бақытгүл Хаменова мен Ақылбек Рысқалиевтің ісі ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы 3-бөлігінің 3-тармағымен тергелді. Ал "Балқыту" ЖШС директоры Өміртай Адамов ҚР Қылмыстық кодексінің 367-бабы 2-бөлігімен тергеуге алынған.

Атырау облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Бақытгүл Хаменова Абай ескерткішін орнатуға бөлінген қаражаттан 4,5 млн теңге пара алды деп айыпталып отыр.

Еске сала кетейік, желтоқсанның 10–ы Хаменованың ірі көлемде пара алғаны белгілі болды, мамырдың 31-і оған қатысты қылмыстық іс № 2 Атырау қалалық сотына берілді.

Талқылау