Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ел намысын қорғаймын!" деген сөзге алданып қалмаңдар!": Нұртас Адамбай қазақстандықтарға шағымданды

Актер, кинопродюсер Нұртас Адамбай бокс, ММА, UFC сынды спорт түріне балаларын жаттықтыруға беретін ата-аналарға шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Нұртас Адамбайдың Instagram парақшасындағы жазбасына сілтеме жасап хабарлайды. 

"Соңғы кезде интернетте адамдардың бір-бірін аяусыз ұрып-соғып жатқан видеолары тарауда. Мұндай төбелестер қаладан тыс жерде немесе қылмыстық элементтер ұйымдастыратын орындарда болмайды. Бұл барлығының көз алдында болып жатыр! Теледидарда, интернетте, спорт сарайларында. Көпшілік ортада адамдар бір-бірін жарақаттап жатқанда, көпшілік оған қуанып жатады. Мен қазір бокс, ММА, UFC және басқа да спорт шоулары туралы айтып отырмын.

Рингте бір-бірін ұрып-соғуға дайын екі адамды көру қатты ауыр. Түсінбейтінім, қанша адам балаларын осы ұрысқа өз қолымен апарып жатыр? Олар балаларына не үйретеді? Агрессия мен зорлық-зомбылық па?", - деді ол. 

Сондай-ақ, қоғамдағы зорлық-зомбылыққа жекпе-жек сынды спорт түрлерін кінәлаған ол, көпшілікті "ақылға" шақырды.

"Ағайындар, ақылға келіңдер. Қиямет күні осы өмірде істеген әрбір ісімізге жауапты боламыз. Бір сәттік күмәнді атақ пен осылай тапқан ақша қиямет күні саған көмектесе ме? 

"Ел намысын қорғаймын!" деген сөзге алданып қалмаңыздар. Біріншіден, елімізге ешкім шабуыл жасап жатқан жоқ, Аллаға шүкір. Екіншіден, егер сізде Отанға пайда әкелу ниетіңіз болса, мұны рұқсат етілген жолмен жасаудың басқа жолдары бар. 

Баласының боксшы болғанын армандайтын ата-аналар Алла Тағала аманат еткен жанға қандай болашақ тілеп отырсыздар. Олардың дәрігер, мұғалім, ғалым, құрылысшы, инженер болғаны дұрыс шығар. Ұлтқа, елге, әлемге пайдасын тигізетін мамандықтар көп", - деді Нұртас Адамбай. 

Талқылау