"Ел экономикасына кері әсерін тигізеді": Түркіменстанда бақсы балгерлердің қызметіне тыйым салынуда
Түркіменстанда көріпкелдер, бақсы алгерлер мен емшілердің қызметіне тыйым салуда. Биліктің сөзінше, бұл халықты бұзып, жұмыссыздық жағдайында ел экономикасына кері әсерін тигізеді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Радио Азатлык" порталына сілтеме жасап.
Елде қаржы мәселесін шешудің жолдарын іздестіру кезінде бақсы балгерлер мен емшілерге қарсы шаралар күшейтілген. Мақтымқұлы мен Түркіменбашы қалаларында тәртіп сақшылары көріпкелдер мен емшілер арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, олардан арнайы мемлекеттік тексеруден өтіп, қызметін жалғастыруға рұқсат алуды талап етуде. Алайда Түркіменстанда рұқсат беретін мемлекеттік орган жоқ.
Осы ретте Түркіменстанда 2016 жылы "Жарнама туралы" заң қабылданып, емшілердің, экстрасенстердің, көріпкелдердің, астрологтардың қызметтерін жарнамалауға тыйым салынды. Құқық қорғау органдары көріпкелдер мен емшілерді "халықты бұзып, ел экономикасына кері әсер етті" деп айыптауда. Себебі олардың айлық табысы ондаған мың манатты (1 манат шамамен 130 теңге) құрайды.
"Экономикалық-әлеуметтік қиыншылықтар мен жұмыссыздық жағдайында көріпкелдікке, жүгінетіндер көбейіп кетті. Олардың арасында басқаларға зиян келтіруді сұрайтын жаман ниетті адамдар да бар. Олар басқаларға зиянын тигіземін деп көріпкелдер мен бақсы балгерлердің қызметтерін пайдалануда. Қыздар бай адамға тұрмысқа шығу үшін соларға жүгінеді. Сол үшін 5-10 мың манат салады", - деп жазады басылым.
Құқық қорғау органдарының жүргізген рейдтеріне байлансты балгерлер мен емшілер өз қызметінен шектелгені атап өтілді.