Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Эквадорда картель басшысы түрмеден қашқан соң қарулы қақтығыс басталды: Қылмыскерлер тұрғындар мен полицейлерді тұтқынға алған (видео)

Эквадор президенті Даниэль Нобоа қарулы топтың TC Televisión телекомпаниясын басып алып, адамдар кепілге алынған соң елде ішкі қарулы қақтығыс режимін жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Marcos Pin/AFP

Болжам бойынша, елдегі ең ірі "Лос Чонерос" қылмыстық тобының жетекшісі Фито лақап атымен танылған Адольфо Макиас Вильямар түрмеден қашып кеткеннен кейін ішкі қақтығыс басталған. Алдымен қарақшылар жергілікті телеарна ғимаратына басып кіріп, студиядағы тележүргізушілерді, басқа да қызметкерлерді кепілге алған.

Қарулы қақтығыс Эквадордың басқа аудандарынан да басталып жатыр деген хабарламалар келіп түскен. Мәліметтерге сәйкес, қарулы топтар Гуаякиль университетіне еніп, студенттер мен оқытушыларды кепілге алуға әрекет жасаған. Сонымен қатар метро мен сауда орталықтарында адамдарға шабуыл жасалды.

Ал жергілікті тұрғындар Эквадор картелінің мүшелері Гуаякил қаласындағы полиция патрульдеріне шабуыл жасай бастағанын айтады. Адамдардың айтуынша, қарақшылар құқық қорғау органдарын атып өлтіріп, аман қалғандарды өлім жазасына кесетінін мәлімдеген. Бұдан бөлек, бірнеше бейбіт тұрғын жарақат алды.

Эквадор президенті Даниэль Нобоа қоғамдық жиналыстар мен коменданттық сағатқа уақытша тыйым салуды көздейтін 60 күндік төтенше жағдай жариялады. Сондай-ақ, ел басшысы ел аумағында ішкі қарулы қақтығыстың бар екенін мойындау туралы жарлыққа қол қойды. Аталған жарлыққа сәйкес барлық қылмыстық топтар террористік ұйымдарға теңестіріледі.

Құжатта террористік ұйымдар мен соғысып жатқан мемлекеттік емес субъектілердің 22 трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық тобы аталған. Әскерилерге осы қылмыстық топтардың мүшелерін жою тапсырылған. Эквадор басшысы елдің "егемендігі мен аумақтық тұтастығына кепілдік беру" және қылмыстық және террористік топтардың әрекеттеріне жол бермеу үшін "қарулы күштер мен ұлттық полицияның жұмылдырылуы мен араласуын" қамтамасыз етуді тапсырды. Ол үкімет тарапына үркітіп-қорқыту әрекеттері болып жатқанын айтып, топтармен келіссөз жүргізуден бас тартты. 

Мемлекет басшысының әрекеттеріне жауап ретінде банда мүшелері президенттен әскери жағдайды жоюды және армия мен полицияны көшелерден шығаруды талап етуде. Қорқыту мақсатында олар түрме қызметкерлері мен полиция қызметкерлерінің өлім жазасына кесілгені туралы видео жариялайды.

Еске салайық, бұған дейін Эквадорда қауіпті қылмыстық топтың басшысы түрмеден қашып кеткеннен кейін елде төтенше жағдай жарияланғаны туралы хабарлаған едік. Фито лақап атымен танымал Адольфо Масиас Вильямар 12 жыл түрмеде отырған. Бұған дейін ол "Лос Чонерос" ("Чоне қаласының адамдары") атты қауіпті мафияны басқарды. 

Талқылау