"Экс-прокурормын деп сес көрсетті": Түркістанда көлік қаққан 13 жастағы баланың ата-анасы әділдік сұрайды
Түркістан облысында жол апатынан жарақат алған жасөспірімнің туыстары әділдік іздейді. 13 жастағы Саят Серікұлы велосипедімен көлікке соғылып, бес қабырғасы сынған екен. Ата-анасы тергеу тым баяу жүріп жатыр дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Видеодан скриншот
Велосипед тізгіндеген 13 жастағы Саят Серікұлын бір ай бұрын көлік қағып кеткен. Жол апатынан жеткіншектің бес қабырғасы сынып, қазір ол қозғала алмайды. Онымен қоймай баланы қағып кеткен жүргізуші өзін экс-прокурормын деп таныстырған екен. Сондықтан жәбірленуші тарап іс қысқартылып, кінәлі адам жазасыз қала ма деп қорқады.
“Ол кісі “Мен прокурор болып жұмыс істегенмін, ешнәрседен қорықпаймын. Менің адамдарым көп” деді. Мен осы іс қысқарып кете ме деп қорқамын. Тергеушілер балаға “велосипедімнің тежегіші ұстамай, келе жатқан машинаға соғыстық” деп жаздырған. Шынында ондай емес. Өйткені ведосипедін былтыр ғана алғанбыз, жаңа”, – деді Саят Серікұлының анасы Жібек Базарова.
Көпбалалы ананың айтуынша, көліктің иесі “балаңды қараусыз қалдырдың” деп анасын кінәлаған. Тіпті Саяттың ата-анасынан шығынды өтеп беруді сұрапты.
Ал баланы қаққан көлік жүргізуші прокуратурада жұмыс істейтіні туралы ақпаратты жалған дейді. Дегенмен велосипед тізгіндеген жеткіншектің туыстарынан өтемақы сұрағанын растады.
“Мен оны барып қаққан жоқпын. Керісінше олар маған келіп соғысты. Маған 148 мың теңге айыппұл тағайындап, 610-баптың бір тармақтарын айтты. Мен онымен келіспеймін деп прокуратураға арыз жаздым”, – деді түркістандық Нұрлыбек.
Полиция "Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе пайдалану қағидаларын бұзуы" бабы бойынша тергеу әлі аяқталмағанын жеткізді. Алайда денсаулығына зақым келген баланың анасы сот сараптамасы бір айдан бері шықпағанын айтты. Сондықтан Жібек Базарова прокуратураға арызданбақ.