"Екпе алмаңдар деген емеспін": Балғынбек Имашев "Спутник V" вакцинасын салдырды
Вакцина салдырмағандарға 500 баспана сыйлаймын деп уәде еткен Балғынбек Имашев "Спутник V" екпесін салдырды, деп хабарлайды Stan.kz.
Әлеуметтік желіде кеңінен тараған ақпаратты Имашев Instagram-дағы парақшасында растады.
“Осылар қалай өтірік пен шындықты араластырып адамды жексұрын етіп қояды?
"Призывавший людей не вакцинироваться" дейді. Жала! Мен ешқашан екпе алмаңдар деген емеспін! Мен "мәжбүрлемеңдер" деп зарлап келемін! Адамның өз таңдауы болуы керек. Қорқытып, үркітіп, жұмыстан шығарып, айыппұл төлетіп, дискриминация жасап адамдардың конституциялық құқығын таптауға болмайды. Мен ешкімге " екпе алыңдар немесе алмаңдар" деуге хақым жоқ. "Мәжбүрлеуге қарсымын" дегенді "вакцинаға қарсымын" дегенмен синоним етіп қою қаншалық әділетті?
"Өзі вакцина алып, басқаларды өлімге итеріп жатыр" дегісі келетін сияқты.
Мен балаларыма салдыруға қарсымын! Сонда бұл "балаларын өлімге қиып тұр" деген сөз емес қой. Вакцина алғандар да, алмағандар да өлім құшуы мүмкін. Ажал Алладан. Екпеден кейін ауырып, ажал құшқандардың жақындары ол өлімнің себебі екпеден екенін дәлелдей алмайды.
"Екпе алды" деген екпені өз еркімен алды деген сөз емес. Жол үстінде көп жүргендіктен, алыс-жақын шетелдерге көп сапарлайтын болған соң екпе жасаттым. Бірақ оның пайдасын көрмедім, екпең болса да барған жерде пцр тест тапсыруға тура келеді. Алдағы уақытта Меккеге умра сапарына баруға ниетім бар. Алған Ресейлік екпеміз ең болмаса ол елге кіруге де жарамайтын болып шықты.
Қайталап айтамын! Әр адамның денсаулығы өзі үшін керек. Медициналық кез келген әрекет пациенттің еркінен тыс, немесе туыстарының рұқсатынсыз болмау керек, екпені мәжбүрлеп салу дұрыс емес.
Иммунитетті күшейтудің, аурумен күресудің жалғыз жолы вакцина емес! Ашық күнәні тоқтату, арсыздыққа жол бермеу - эпидемияны тоқтатады! Садақа беру – аурудан айықтырады! Тәуба жасап, Алладан кешірім сұрау - дертке шипа береді! Таза табиғи азықтар (бал, сүт, май т.б.) иммунитетті күшейтеді.
Осының бәрін болмаса да бірін жасау бәрінің қолынан келеді!" - деп жазды ол.
Оқырмандар Балғынбек Имашевтан көңілі қалғандарын жазуда.
"Ажал Алладан екені түсінікті. Вакцинаға сенбеймін деп жүріп екпе алыпсыз, ем болсын. Бірақ, өзге мемлекеттерге вакцина салмай, пцр тапсырып-ақ шыға беруге болады. Парақшаңызда екпе тексерілмеген деген сарында айтып келесіз. Тексерілмеген нәрсені елге егетін дәрігерлер ақымақ емес. Мен ешкімді салдырма деп үгіттеген жоқпын дейсіз, әр постыңызды астары сол болып тұр. Оның үстіне вакцина алмағандарға үй алуға жарна беремін деген сонда қарсы үгіттеу емес пе? Екпе осы ортадағы бір адамның болсын жанын сақтап қалуы мүмкін. Сондықтан елдің амандығымен ойнамаңыз", - деп пікір білдірді Айбек Қосан есімді оқырман.
"500 отбасыға үй анау мынау деп ұят болды мынауыңыз ағасы. Бастаған соң до конца тұру керек еді да! Олай айтпадым былай айттым, үйттім бүйттім демей. Аман болайық", - деді Әли Батырбек есімді инстаграм қолданушысы.
Естеріңізде болса, айтыскер вакцина салдырмағандарға 500 баспана сыйлаймын деп уәде еткен еді.