Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Екібастұзда күдікті қызды зорлаған полиция майоры қызметінен босатылды

Екібастұзда есірткіні заңсыз сақтады деген күдікпен ұсталған қызды пәтерге апарып зорлады деген полиция майоры қызметінен босатылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

“Полиция қызметкері теріс себептермен ішкі істер органдарынан шығарылды. Бірқатар басшылар қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды”, – делінген хабарламада. 

Айта кетсек, есірткіні заңсыз сақтады деген күдікпен Екібастұз қаласының тұрғыны – 22 жасар қыз өзін полиция қызметкері зорлағанын мәлімдеген. 

22 жастағы бойжеткеннің майор тарапынан зорлыққа ұшырағаны туралы құқық қорғаушы Елена Семенова айтып берді. Бұл оқиғаға қатысты деректерді ол Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды. Бойжеткен есірткі қылмысы үшін 17 ақпанда ұсталған. Жеке заттары мен пәтерін тінтігеннен кейін оны полиция қызметкерлері бөлімшеге апарып, 18 ақпанда таңғы сағат төртке дейін тергеген.

Семенованың айтуынша, таңғы төртке дейін қыз көлікте отырған. Содан кейін оны полиция басқармасына қайтарып, жарты сағаттан кейін пәтерге жеткізген.

"Белгісіз пәтерге кірген бойжеткен Павлодар облысы полиция департаментінің майорын қара түсті майка және ішкиімімен жартылай жалаңаш күйде көрген. Қызметкерлердің бірі қызды бөлмеге кіргізіп, диванды көрсетіп, төсекке жатуды бұйырған. Пәтерге бұрын келген басқа полиция қызметкері төсектің жанында ұйықтап жатқан. Ал ішкиіммен жүрген майор қашып кетпес үшін онымен бірге таңға дейін төсекте жатқан", – деп жазады Семенова.

Оның айтуынша, қыз полиция қызметкеріне қарсылық көрсеткенімен, майор қызметтік лауазымын пайдаланып, қорқытқан. Есірткі қылмысы бойынша күдікке ілінген қыздың ісі жаңалықтардан көрсетілетінін, оның отбасы бүкіл елге масқара болып, анасы жұмыстан босатылатынын айтқан.

"Зорлағаннан кейін полиция майоры жәбір көруші қыздың қасында ұйықтаған. Ал таң атқан соң, қыз полиция басқармасына жеткізілген. Асханаға алып барып, оны тамақтандырған. Қызды зорлаған полиция майоры "бәрі жақсы ма" деп сұрап, өзі жәбір көрсеткен қызды түскі сағат бірде үйіне жеткізіп тастаған", – деп жазды Семенова.

Айта кетерлігі, қыздың берген деректері бойынша, майордан басқа, пәтерде тағы үш полиция қызметкері болған. Олардың ешқайсысы зорлыққа қарсы шара қолданбаған және зорлаудың алдын алмаған.

Талқылау