"Екі жұбайым бар. Қарсы болмаса, неге тағы алмасқа?": Ермахан Ибраимов отбасы туралы шындықты айтты
Боксшы Ермахан Ибраимовтың айтуынша, әдемі қызды тоқал етіп алу кез келген ер азаматтың қолынан келеді. Алайда, жесір әйелге бала-шағасымен бірге қамқор болуды көп адам жасай алмайды. Осы орайда, ол болашақта жесір әйел алуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Аман Тасығанның TalkLike бағдарламасына сілтеме жасап.
«Бүгінде 8 ұлым мен 2 қызым бар. Олардың барлығы бір әйелден деп айта алмаймын. Менің екі жұбайым бар. Үлкен жұбайым Бибігүл тұңғыш ұлыммен бірге Америкада тұрады. Ал екіншісі - Айжан Ибраимова. Ол кісі осы Алматы қаласында тұрады», - деді ол.
Әрі қарай боксшы екі әйел алуының себебін түсіндірді. Сондай-ақ, тоқалды өзге ер азаматтар секілді әдемілігі үшін алмайтынын, әр әйелінен бес-бес баладан бар екенін айтты.
«Қартайып тұрған жоқпыз. Әйелдерім қарсы болмаса, неге алмасқа? Бірақ сұлу келіншек көрсе, жүгіріп барып, оны алып, одан бала тудыру – әркімнің қолынан келеді. «Ал сіз жесір қалған әйелді оның балаларымен бірге қабылдап алуға дайынсыз ба?» деген сұрақ бар. Бәлкім, сондай әйелдер бар шығар. Егер мен оны өз бауырыма басып алатын болсам, нағыз сауапты іс, еркектік іс сол болады. Мен сондайға баруым мүмкін», - деді ол.
Мұнымен қатар, ол көпбалалы отбасында тәрбиеленгендіктен, балаларының да дәл осындай отбасында өсуді қалағанын айтты.
«Мысалы, менің 7 әпке-қарындасым, бір ағам, бір інім бар. Бәріміздің басымыз қосылған кезде бір ауылдың азаматындай боламыз. Мен де балаларыма осындай тәрбие бергім келеді», - дейде Ермахан Ибраимов.
Естеріңізге сала кетсек, осы уақытқа дейін Ермахан Ибраимовтың өзінің оққағарының кім екенін айтқаны туралы хабарлаған едік.