Египет жаңа астанасының атауына конкурс жариялады
Египет жексенбі күні елдің жаңа астанасының атауына, логотипіне және ұранына конкурс жариялады. Байқау 2021 жылдың соңына дейін жалғасады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Ahram басылымына сілтеме жасап.
Жаңа елорда бес жыл бұрын салына бастаған. Қаланың ауданы - 700 шаршы шақырымды құрайды. Каирдің шығысында орналасқан жаңа астана 6,5 миллион адамға арналған. Сондай-ақ онда министрліктер, парламенттік және үкіметтік мекемелер, тұрғын үйлер орналасатын болады.
Билік бір шарт қойған. Оған сәйкес, ұсынылған тұжырымдама ғылым, инновация, тұрақты даму және заманауи технологиялар арқылы әлеуметтік прогресс идеясын көрсетуі керек.
Мысырлықтар өз ұсыныстарын 18 қарашаға дейін www.egbranding.eg сайтына жібере алады. Сарапшылар мен қоғам қайраткерлерінен тұратын комитет ұсыныстарды зерттейді. Астанаға ең жақсы ат ойлап тапқан жеңімпазға 50 мың мысырлық фунт көлемінде сыйлық уәде етілген.
Жаңа елорданың жобасымен мына сілтеме бойынша танысуға болады.
Египеттің қазіргі астанасы Каир әлемдегі алтыншы ірі мегаполис болып саналады. Қалада 22 миллион адам тұрады.