Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дубай мен Баку сияқты: Тоқаев Каспий жағалауындағы туризмді дамытуға тапсырма берді

Президент үкіметке еліміздің туристік аймақтарын дамыту туралы тапсырма берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: akorda.kz

Президент туристік аймақтарды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету ісінде де түйткілдер көп екеніне тоқталды.

“Туристік базаларда энергия қуатының өзі жетіспейді. Сол себепті демалушылар көбіне жарықсыз қалады. Соның салдарынан адамдарға қатер төнеді. Сондай-ақ өрт шығу қаупі бар, тұрмыстық техника жарамсыз болып қалады. Кәсіпкерлер құралдардың істен шығуына және азық-түліктің бұзылуына байланысты зор шығынға батады. Үкімет әкімдіктермен бірлесіп, курорт аймақтарын инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету ісіне тексеру жүргізуге тиіс. Туристік орындарды инженерлік инфрақұрылыммен, соның ішінде электр энергиясымен, кәріз жүйесімен, тазарту құрылғыларымен, ауызсумен және кіреберіс жолдармен қамтамасыз ету үшін арнайы бюджеттік бағдарлама қажет”, – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің барлық өңірде бір мезетте 20 туристік аймақты дамыту жоспарын сынға алып, мұндай тәсіл тиімсіз екенін, мемлекеттің шектеулі ресурсын зая кетіретінін айтты. 

“Алматы өңірінің тау кластері, Маңғыстау жағажай туризмі және Щучье-Бурабай курорттық аймағы ең қолайлы бағыттар саналады. Алматы – Қазақстан туризмін дамытудың басты орталығы. Жалпы туристер легінің төрттен бірі, соның ішінде шетелдік туристердің жартысы осы қалаға тиесілі. Бірақ қаланың туристік инфрақұрылымы жылдан-жылға артып келе жатқан нөпірге төтеп бере алмайды. Демалыс және мереке күндері Шымбұлаққа келушілер саны оның өткізу мүмкіндігінен 2,5 есе асып кетеді. Сондықтан тау шаңғысы кластерін, оның ішінде Алматы облысындағы Түрген шатқалында жыл бойы жұмыс істейтін тау курортын салу арқылы одан әрі дамыту өте маңызды”, – деді мемлекет басшысы.

Президент үкіметке Маңғыстау облысының әкімдігімен бірге Каспий жағалауындағы туризм инфрақұрылымының сапасын арттыру үшін қонақ үй және мейманхана бизнесінің әлемдік брендтері мен франшизаларын тартумен белсенді айналысуды, жағалаудағы курорттық аймақтарды дамыту жөніндегі Дубай мен Баку қалаларының тәжірибесін ескере отырып, Ақтау қаласының бас жоспарын қайта қарауды, Ақтауға Алматыдан, Ақтөбеден, Шымкенттен және Атыраудан қатынайтын әуе рейстерінің санын арттыруды, "Жылы жағажай" аумағындағы жобаларды жыл соңына дейін аяқтауды, сондай-ақ Кендірлі демалыс аймағын дамыту ісін жеделдетуді тапсырды.

Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, экология мәселесіне арнайы тоқталды. Президенттің айтуынша, туризмді дамытамыз деп табиғатқа зиян келтіруге болмайды.

“Қоғамда экологиялық мәдениет қалыптасып келеді. Бірақ өткір мәселелер де аз емес. Өкінішке қарай, өзен-көлдің жағасын, орман ішін қоқысқа толтыратындар әлі де азаймай тұр. Тазалықты сақтау үшін арнайы экологиялық шаралар өткізуге мәжбүрміз. Кез келген азамат табиғатта емін-еркін демалуы үшін барлық жағдай жасалуы қажет. Турист қай жерге тұрақтап, қай жерде от жағуға рұқсат етілгенін білуі керек. Сондықтан демалыс орындарында осындай лайықты инфрақұрылым болуы қажет. Бұл мәселемен әкімдіктер айналысуға тиіс”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске салсақ, бұған дейін Каспий жағалауында олигархтарға тиесілі болған 115 жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылғаны туралы жазған едік. 

Талқылау