Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Досымжан Таңатаров: "Балабақшада тәрбиеші болдым"

Белгілі әнші Досымжан Таңатаров өмірі мен өнеріндегі соңғы жаңалықтарын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Ұйқым келмейді” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Биыл әншінің сахнада жүргеніне 30 жылға жуықтаған.

“Біздің буын еңбекке ерте араласты. Студенттік кезіміз Тәуелсіздік алған жылдарымен тұспа-тұс келді. Өте қиын заман еді. Ауылда ата-анаңа салмақ салып отырмаймын деген ниетпен жұмыс іздеуге шықтым. Менің өнеріме тәнті болып жүрген апайларым балабақшадағы балаларға домбыра туралы мағлұмат беріп, қағыстарын үйретсең деген ой айтты.4-5 жастағы балаларға домбыра үйретіп, балабақшаға тәрбиеші болып орналастым. Одан кейін мектепке ауыстым. Ол жерде сәл үлкендеу балаларға домбыра үйреттім. Алғашқы еңбек жолым 3-курста басталды. Содан бері жұмыс істеп келеміз”, – деп жастық шағын еске алды әнші. 

Әншінің айтуынша, кезінде домбыра үйреткен шәкірттері қазір өнерде жүрген көрінеді. 

“Сахнада иық тіресіп жүрген шәкірттерім бар. Солардың бірі – “Жігер” тобы. Үшеуі де менің алғашқы шәкірттерімнің бірі. Шәкірт демекші, менің екінші жұмысым видеограф болып, той түсіргенмін. Ол кезде маған видео түсіруді үйреткен марқұм Серік Қалиев ағамыз болатын. Мен сол кісінің видео түсіруден шәкірті болдым. Ағамыздың камерасын жалға алып, талай тойларды түсірдім. 1000 теңгеге ән айтамын, 3000 теңгеге видео түсіремін, жартысын Серік ағама беретін едім. Ол кісінің менен басқа да көп адамға пайдасы тиді”, – дейді әнші.  

 

Талқылау