Ет, қуырдақ, шелпек: Дональд Трамптың ұлы киіз үйде 9 күн қалай өмір сүрді?
Таяуда АҚШ президенті Дональд Трамптың үлкен ұлы мен немересі 9 күн бойы жазық далада және киіз үйде өмір сүріп, тамсанған еді. Моңғолиялық этникалық қазақ Жандос Қоңтарбай олардың қалай өмір сүргенін айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.
Сурет: Instagram/donaldjtrumpjr
Жандостың ерекше кәсіппен айналысып, құрметті қонақтардың жазық дала мен киіз үйде демалуын ұйымдастырып жүргеніне 4 жыл болған. Оның сөзінше, сәулетті мейманханалардан шаршаған еуропалықтар мен америкалықтар қаладан шалғай аумақтарда уақыт өткізгенді ұнатады. Мұнда олар барлық гаджетті өшіріп, атқа мініп, бүркітпен аң аулап, киіз үйде өмір сүреді.
Жандостың сөзінше, бұл оның отбасылық кәсібі. Жұбайы асүй мен тазалыққа жауап береді екен. Сонымен қатар ас әзірлеу, тазалықпен айналысатын тағы бірнеше жұмысшы бар.
Ерекше туристік агенттік Моңғолияның Баян-Өлгей жерінде орналасқан. Алайда мұндағы халықтың дені – этникалық қазақтар. Олар тек қазақ тілінде сөйлейді.
Жандос Қоңтарбай АҚШ президентінің ұлын қарапайым, тәрбиелі адам ретінде сипаттады. Ол көлікті балшықты жерден шығаруға көмектесіп, үстін кірлетуден қорықпаған. Сонымен қатар киіз үйге су өткендіктен, шаңырақты да жөндеп қойыпты.
Дональд Трамптың ұлына қазақ тағамдары қатты ұнап қалған екен. Әсіресе, шелпекке қаймақ қосып жегенді ұнатыпты. Сондай-ақ, ет пен қуырдақ та көңілінен шыққан.
Ендігі Жандос Қазақстанда осындай кәсіп ашсам деп жоспарлап отыр.