Доллардың өсуі, қайырымдылық қорлардың былығы мен Путиннің Қазақстанға келуі: Қараша айындағы маңызды оқиғаларға шолу
Қараша түрлі оқиғаларға толы ай болды. Ерікті Перизат Қайрат су тасқынынан зардап шеккендерге жиналған 1,5 миллиард теңгені жымқырды деген күдікке ілініп, 2 айға қамауға алынды. Ал Астанаға Ресей президенті Владимир Путин мемлекеттік сапармен келіп, Ұжымдық қауіпсіздік ұйымының саммиті өтті. Stan.kz ақпарат агенттігі күздің екінші айында болған маңызды оқиғаларға шолу жасады.
Фото: Коллаж Stan.kz
Путиннің Қазақстанға келуі
Путиннің Қазақстанға келуіне айрықша сый-құрмет көрсетілді. Елордадағы халықаралық әуежай алдындағы экранда: "Жоғары мәртебелі, Владимир Путин мырза, Астанаға қош келдіңіз!" деп жазылды. Бұл сөз желіде қазақстандықтар арасында дау тудырды.
Еліміздің сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, оның сапары ресми емес, мемлекеттік мәртебеге ие. Сол себепті, бұл сөз тіркесі сапардың ресми емес, мемлекеттік мәртебеге ие болуына байланысты қолданылды дейді.
Ал саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің сөзінше, бұл хаттама Қазақстанда ғана емес, жалпы халықаралық қатынастарда да қолданылады. Мысалы, Ресейге барған Беларусь президенті Александр Лукашенкоға да "Жоғары мәртебелі" деген сөз айтылған.
27 қараша күні кешке Ақордада Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин шағын құрамда келіссөз жүргізді. Отырыста екі ел президенттері өнеркәсіп кооперациясы, энергетика, мұнай-газ өнеркәсібі және т.б. салалардағы ықпалдастық мәселелерін талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан мен Ресей екіжақты серіктестіктің оң қарқынын сақтап қана қоймай, оны еселей түскен. Ал Ресей Президенті Владимир Путин қазақ жерінде көрсетілген ерекше сый-құрмет үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.
Келіссөз барысында Қазақстан мен Ресей президенттері ҚазҰУ-дің Омбыдағы филиалын ресми түрде ашты. Болашақта қос дипломды білім беру бағдарламасы жүзеге асырылмақ.
Сондай-ақ Путин Тоқаевты Мәскеудегі Жеңістің 80 жылдығына арналған шеруге шақырды. Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанды “іс жүзінде орыстілді ел” деп атады. Путин қоғамды екі мемлекеттің мүддесін сынамауға және Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынасты бұзбауға шақырды.
Екі күнге созылған мемлекеттік сапар соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинді Астана әуежайынан өзі шығарып салды.
Қазақстанның оңтүстігінде орыс мектептері ашылады
Ресей президенті Владимир Путин "Казахстанская правда" газетінде мақала жариялап, Қазақстанда жаңа орыс мектептерін салуға қолдау білдіретінін айтты. Ол Қазақстанның оңтүстігінде, қазақтар тығыз қоныстанған үш қалада, атап айтқанда Қызылорда, Тараз және Түркістанда жаңа орыс мектептерінің ашылатынына үміт білдірген.
"Ресей Қазақстанда орыс мектептерін салуды және орыс тіліндегі білім сапасын арттыруды қолдайды. Жақын арада Қызылорда, Тараз және Түркістанда жаңа орыс мектептері салынады деп сенеміз", – деп жазды Путин.
Өз кезегінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік "Известие" басылымына мақаласын ұсынды.
"Іргелес жатқан Ресей қалаларында Қазақстан мектептері ашылады деп сенеміз", – деді Тоқаев мақалада.
Оқу-ағарту министрі оңтүстікке жаңа ашылатын мектептерді салуға Ресейдің өзі қаржы жұмсайтынын, Қазақстанның білім беру стандарттарына сәйкес жұмыс істейтінін айтты. Сонымен қатар келісім аясында Ресейде де қазақ тілінде білім беретін үш мектеп ашу жоспарланып отырғанын мәлімдеді.
Путин "Росатом" компаниясының Қазақстандағы АЭС құрылысына қатысуы мүмкін екенін мәлімдеді
Путин Ресей компаниясының Қазақстанда АЭС құрылысын салуға қатысуы мүмкін екенін жоққа шығармады. Ол Қазақстанның өзі шешім қабылдайтынын атап өтті.
"Біз бұл тұрғыда "Росатомның" артықшылықтарын атап өттік, бірақ Қазақстанның өзінің технологиялық және қаржылық шешімдерін таңдауға құқығы бар", – деді Ресей басшысы Астана қаласында өткен баспасөз мәслихатында.
Путинмен ілесе келген "Росатом" корпорациясының басшысы Алексей Лихачев Қазақстан рұқсат берсе, білек сыбанып кірісетіндерін жария етті.
"Кішіпейіл болмай-ақ қояйын. Мұндай жобаларға үлкен халықаралық консорциумды жинай аламыз деп айта аламын", – деп нақтылады сөзін корпорация жетекшісі.
Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысы өтті
Тоқаев ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысына қатысты. Өз сөзінде президент жыл бойы өзекті сын-қатерлерге қарсы іс-қимыл мәселесіне ерекше ден қойылғанын айтты.
ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кеңейтілген құрамдағы сессиясының келесі отырысы Қырғызстанда өтетін болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровты 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҰҚШҰ-ға төрағалықтың Қырғыз Республикасына өтуі туралы шешімнің қабылдануымен құттықтап, қырғыз тарапының жауапты міндетті табысты атқаруына тілектестік білдірді.
Жиын қорытындысы бойынша мемлекеттер басшылары Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясын қабылдап, бірқатар құжатқа қол қойды. Сонымен қатар Тәжік-ауған шекарасын нығайту жөніндегі ҰҚШҰ-ның мақсатты мемлекетаралық бағдарламасы бекітілді.
Бұдан бөлек президенттер Ұлы Жеңістің 80 жылдығына байланысты мәлімдеме қабылдап, келесі жылы осы айтулы датаға орай ұйымдастырылатын мерекелік іс-шаралардың жоспарын бекітті.
Қараша айында доллар бағамы рекордтық деңгейге жетті
Қазақстанда ақша айырбастау орындарында таңғаларлық жағдайлар орын алды. Доллар бағамы көтеріліп рекордтық деңгейге жетіп, 525-528 теңгеге дейін көтерілді. Осы сәтте Ұлттық банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин доллар бағамының көтерілуіне қатысты пікір білдіріп, "500 деген жай сандар. Меніңше, біз сандарға көбірек мән береміз. Бірақ біз үшін валютаның серпіні маңызды” деді.
Орынбасарының артынан Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов те доллар бағамының 500 теңгеден асуы “психологиялық сан” екенін айтты.
“Түсінемін, 500 деген психиологиялық сан. Бірақ математик, экономист, тіпті бизнесмен ретінде қарасаң, өзгеріс тек 2%”, – деді ол.
Доллар бүгінгі таңда айырбастау пункттерінде 520-524 теңге аралығында сатылып жатыр. Ұлттық банк жағдайдың себебін түсіндірді. Банк мәліметінше:
- Әлемдік деңгейде доллар нығайды;
- Мұнай бағасы төмендеді;
- Геосаяси жағдай шиеленісе түсті;
- Рубль күрт әлсіреді;
- Ел ішінде қазақстандықтар доллар сатып ала бастады.
Мұның бәрі бірігіп теңгеге үлкен қысым жасап, теңгерімді бұзып отыр. Ұлттық банк жағдайды тұрақтандыру үшін интервенция жариялады. Ақша алтын-валюта қорынан алынады.
Сондай-ақ Тимур Сүлейменов валюталық интервенцияға 1 миллиард доллар жұмсалғанын айтты. Қазір банк интервенцияларды тоқтатты. Сөзінше, қазір валюта бағамы нарықтық факторлардың әсерінен қалыптасып жатыр.
Сүлейменов алдағы уақытта теңге бағамы тұрақты болып, бір доллар 600 теңге болмайтынына сенім білдірді.
Ерікті Перизат Қайрат су тасқынынан зардап шеккендерге жиналған 1,5 миллиард теңгені жымқырды деген күдікке ілінді
14 қарашада Қаржы мониторингі агенттігі “Біз біргеміз” қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеу басталғанын мәлімдеді. Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 миллиард теңгеден астам қаражатты жымқырды деп күдікпен ұсталды.
Агенттіктің мәліметінше, қайырымдылықтың негізгі бөлігі қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлікті сатып алуға пайдаланылған. Биыл көктемде ол елордадағы автосалоннан 88 миллион теңгеге "Mercedes-Benz S450", 80 миллион теңгеге "Lexus LX-600" және 39 миллион теңгеге "Haval" автокөліктерін сатып алыпты.
Осы кезеңде ол жалпы сомасы 600 миллион теңге болатын елорданың премиум санаттағы "Akbulak Riviera", "Highvill Ishim Gold", "Көк Жайлау" тұрғын үй кешені (тұрақ орындарын қоса алғанда), сонымен қатар "Vela Village" коттедж қалашығынан жылжымайтын мүлік нысандарын сатып алған.
Сонымен қатар агенттіктің ақпаратынша, қазақстандықтардың қайырымдылыққа деп жіберген қаражаты есебінен Перизат Қайрат Дубай, Доха, Лондон және Ыстамбұлдағы "St.Regis", "Shangri-La", "Palazzo Versace" және "Kempinski" сияқты бес жұлдызды қонақүйлерде демалған.
“Бұл елдерде ол "Cartier" және "Louis Vuitton" сияқты брендтердің қымбат аксессуарлары мен зергерлік бұйымдарын сатып алып, фешенебельді мейрамханаларға барып, яхталарды жалдаған. Қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін достары мен туыстарына 8% сыйақы беріп, қордың ақшасын қолма-қол ақшаға айналдырып отырған”, – деді агенттіктен.
Кейіннен Қаржы мониторингі агенттігі ерікті Перизат Қайратқа қатысты тергеу фактісі бойынша тағы бір қосымша ақпараттың анықталғанын хабарлады. Ведомствоның мәліметінше ол су тасқынынан бөлек, Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін жиналған қаражатты да жымқырған.
Агенттік мәліметінше, Перизат Қайрат 2023 жылдың қараша айында Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін қаражат жинауды ұйымдастырды. 2023 жылғы желтоқсанда ол осы қаржы есебінен "Sensata Plaza" элиталық кешенінен 49 миллион теңгеге үш бөлмелі пәтер және 30 миллион теңгеге "Mercedes-Benz EQE 500 4 Matic" жаңа автокөлігін сатып алды дейді. Сонымен қатар, қаражаттың бір бөлігі БАӘ-де "Rolex", "Prada" және "Fendi" брендтік бутиктерінен зергерлік бұйымдарды, сағаттар мен киімдерді сатып алуға жұмсалыпты.
Ведомство бұл эпизод бойынша Перизат Қайраттың 200 миллион теңгеден аса қаражатты жымқырды деп күдікке ілінгенін жеткізді. Сондай-ақ 15 қарашада сотқа тергеуден күдікті Перизат Қайратты екі айға дейінгі мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау өтініші түскен. Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының 16 қарашадағы қаулысымен өтініш қанағаттандырылып, ол 2 айға қамауға алынды.
Айта кетейік, “Біз біргеміз” қоғамдық қайырымдылық қорының Amanat партиясымен қатысы бары айтылады. Деректерге сәйкес қор құрылтайшыларының арасында партия өкілдері де бар.
Дегенмен, Amanat партиясы су тасқынынан зардап шеккендерге бөлінген қаржыны жымқырды деп айыпталған Biz Birgemiz қорының басшысы Перизат Қайратқа қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Алайда партияның бір бөлімшесі қордың жинаған гуманитарлық көмегін таратқан екен. Ол "Жастар рухы" бөлімшесі. Бөлімше көктемі су тасқыны кезінде партияның зардап шеккен аудандарға түрлі қаражатқа жиналған киім-кешек пен азық-түлікті жеткізіп берген.
Қазақстандықтар "Асар-Үме" қайырымдылық қорының жұмысына күмән келтірді
Қазақстандықтар "Асар-Үме" қайырымдылық қорын халық ақшасын мақсатсыз жұмсады деп айыптап, жиналған қаражаттың мұқтаж отбасыларға емес, волонтерлердің "қалтасына" кетуі мүмкін екенін айтты. Әлеуметтік желі қолданушылары қордан толық қаржылық есеп беруді талап етті. Блогер Еркежан Шайх қорға қатысты құжат жариялап, онда қор мүшелерінің өздеріне миллиондап жалақы алып келгенін, сапарларға тек ұшақтағы бизнес-класспен ұшатынын айтты.
Сондай-ақ "Асар-Үме" қорының тең құрылтайшысы Әзімжан Алаев ірі зауыттарға иелік етеді және компаниясынан қайырымдылық қорына тұрақты түрде 50–100 миллион теңге көлемінде қаражат бөліп отыратынын айтылды.
Бұдан соң қордың негізін қалаушы Асхат Нұрмашев "Асар-Үме" ресми парақшасында халықтан түскен ақшаның қайда жұмсалғанын айтып, жазба қалдырды. Нұрмашевтың сөзінше, 2023 жылы бүкіл елдің көмегімен 3,9 миллиард теңге жиналған. Қызметкерлердің жалақысы (15-20 адам) бір жылда 165 миллион теңге болды дейді. Бұл ретте 2023 жылы 300 Қазақстандық аз қамтылған отбасы, 1500-ге жуық бала баспана иемденген.
Сондай-ақ шығындылған соманың 165 миллион теңгесі қызметкерлердің жалақысына жұмсалған. Вице-президенттің айлық жалақысы 1,1 миллион теңге, ал видеооператордікі — 688 мың теңге. Бұл цифрлар қазақстандықтар арасында наразылық тудырып, қаржылық есептің толық емес екенін және банктік түбіртектердің жоқтығын атап өтті.
Бұдан бөлек Асхат Нұрмашев мақсаттарын іске асыру үшін қайырымдылық кештер және басқа да акцияларды өткізетінін жасырмады. Кештерді өткізу үшін 7,2 миллион теңге шығын белгіленгенін атап өтті.
Қазақстан Халықаралық банктерден 271 миллиард теңге қарыз алатын болды
Үкімет экономиканың тұрақтылығын қолдау үшін халықаралық қайта құру және даму банкінен (ХҚДБ) жаңа несие тартуды жоспарлап отыр. Несиелік келісімге Астанада 11 қазанда қол қойылған. Оның сомасы – 84,9 млрд иен 270,7 млрд теңге), ал өтеу мерзімі – 11 жыл.
Жиналған қаражат республикалық бюджеттің бекітілген тапшылығы шегінде экономикалық тұрақтылықты сақтауға бағытталады.
Одан бөлек:
- Қазақстан Азия Даму Банкінен 52,3 миллиард жапон иені (173 миллиард теңгеге жуық) сомасында несие алды.
- Қазақстан мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі арасындағы несие көлемі 52,7 миллиард жапон иені (174 миллиард теңгеге жуық) көлемінде қарыз алған.
- Ал, Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкінен алынған несие көлемі 84,9 миллиард жапон иені (270 миллиард теңгеден аса). Қарызды өтеу мерзімі 11 жыл. Оның ішінде бес жылдық жеңілдік кезеңі бар.
Ал екі халықаралық банктен алынған несиені қайтару мерзімі: 15 жыл. Сондай-ақ үш жылдық жеңілдік кезеңі беріледі.
Алынған несие көлік инфрақұрылымын, өнеркәсіпті, білім беру мен мемлекеттік басым шараларды қолдауға жұмсалады.
"Хутор" бандасының басшысы делінген Хасан Қасымбаев ұсталып, 2 айға қамалды
Талғарда Шерзат Болаттың өліміне күдіктілердің бастығы делінген "Хутор" бандасының басшысы Хасан Қасымбаев ұсталды.
Полицияның мәліметінше, Қасымбаев 2 қарашада ұсталып, уақытша тергеу изоляторына қамалды. 4 қарашада Алматы облысы Қонаев қаласының мамандандырылған тергеу соты Хасан Қасымбаевқа қатысты бұлтартпау шарасын таңдау туралы өтінішхатты қарады. Сот қаулысымен күдікті Хасан Қасымбаев екі айға қамауға алынды.
Оның ұсталуы 16 жасар Шерзаттың өлімімен емес, 2021 жылғы қылмысқа байланысты болған. Желіде 2021 жылдың маусымында Талғарда ер адамды топпен ұрып-соғып жатқаны туралы видео тарады. Сипаттамада жәбір көрген адамның ережесіз жекпе-жек жаттықтырушысы Арман Әлімов екені атап өтілді.
Жәбірленушінің туыстарының айтуынша, алдымен оны бір топ адам өнеркәсіптік комбинат ауданындағы "Виктория" минимаркетінің алдында ұрып-соққан. Кейін Кеңдала кентінің маңындағы каналға апарып, ес-түссіз екеніне қарамастан тағы ұрған. Одан әрі ауыр жағдайда Талғар орталық ауруханасының жансақтау бөліміне түскен. Кейін оған тағы қысым көрсетпеу үшін оны Алматы медициналық мекемесіне ауыстырған.
Осы жайтқа байланысты Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен сотталған бес күдікті ұсталды. Бүгінде олар бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеуді жалғастырып жатыр. Хасан Қасымбаев та дәл осы қылмысқа күдікті ретінде ұсталған.
Бірыңғай уақыт белдеуіне қатысты соңғы шешім қабылданды
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев еліміздің UTC+5 уақыт белдеуіне көшуінің артықшылықтары туралы айта отырып, бұл шешімнің ең оңтайлы екенін алға тартты.
“Петицияны қараған жұмыс тобы тұрмыс-тіршіліктегі дәлелдерді зерттей отырып уақыттың денсаулық пен экономикаға теріс әсер ететін себеп-салдарлық байланысын таппады. Петицияны қарастырудың нәтижесінде, стандартты сағат белдеуіне максималды бейімделу жағдайларын жасауға бағытталған үәкілетті тиісті мемлекеттік органдарға айқын ұсыныстар мен тапсырмалар берілді”, – делінген хабарламада.
Осылайша үкімет сағат белдеуін өзгерту туралы қабылданған шешім ғылыми негізделген және экономикалық тұрғыдан оңтайлы болады деген пікірде қалды.
Кейннен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек уақыт белдеуі өзгеруінің денсаулыққа әсерін зерттеу үшін 160 миллион теңге бөлінетінін айтты. Министрдің сөзінше, бұл өтінім үш жылдық бюджетке негізделген. Бірақ іс жүзінде 90-100 миллион теңге жұмсалады дейді. Қоғамдық сұранысқа байланысты қосымша зерттеу жүргізуге шешім қабылдадық. Бұл әлеуметтану емес, қолданбалы зерттеу. Жақын арада конкурс жариялаймыз. Ұлттық ғылыми кеңес нақты құнын анықтайды дейді.
Айта кетейік, Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне 2024 жылдың наурыз айында көшкен еді.
Әлемде не болды?
АҚШ-тың 47-президенті болып Дональд Трамп сайланды
5 қарашада АҚШ-та президенттік сайлау өтті. Нәтижесінде Дональд Трамп жеңіске жетіп, АҚШ-тың 47-президенті болып сайланды. Трамптың қарсыласы, Демократиялық партиядан Камала Харрис 223 дауыс жинаған, ал Трамптың көрсеткіші 279 дауыс.
Жақтастарының алдында сөз сөйлеген ол барлық соғысты, соның ішінде Украинадағы соғысты да тоқтататынын айтты. Сондай-ақ ол заңсыз көші-қонмен күресіп, шекараларды нығайтуды көздейтінін жеткізді. Трамп өзі президент болғана АҚШ бағыты 180 градусқа өзгеретінін мәлімдеді.
"Біз барлық жерде, барлық салаларда өзгеріс енгіземіз. Америкалықтар қайтадан өз елдерінде бақылау орнатады. Елімізде Сауд Арабиясы мен Ресейден гөрі көбірек мұнай бар", – деп атап өтті саясаткер.
Фото: rbc.ru
Трамп өзінің әкімшілігі мен үкіметіндегі маңызды лауазымдарға адамдарды тағайындады. Илон Маск пен бизнесмен Вивек Рамасвами жаңадан құрылған үкімет тиімділігі департаментін басқармақ. Жаңа орган мемлекеттік шығындарды, мемлекеттік аппараттың көлемін қысқартуы керек. Ал қорғаныс министрі ретінде Fox News арнасының жүргізушісі Пит Хегсетті кандидатурасын ұсынды.
Сондай-ақ Дональд Трамп қызметіне кіріскеннен кейін елдің қарулы күштеріндегі барлық трансгендер әскериді жұмыстан шығаруға жарлық шығармақ.
Кейіннен Дональд Трамптың президенттік мерзімін саяхатта өткізгісі келетіндерге арналған төрт жылдық әлем бойынша круиз басталып кетті. Business Insider мәліметінше, "Skip Forward" (қазақша "Алға жылжы") деп аталатын круиз 140 елді аралап, барлық континентте саяхат жасауды жоспарлап отыр. Круиз көпке белгілі Villa Vie Odyssey лайнерінде өтеді.
Қатысушыларға әртүрлі пакет ұсынылады, соның ішінде "Аралық сайлаулар" пакеті. Онда саяхаттаушылар 2026 жылдың күзінде Конгресс сайлауынан кейін АҚШ-қа оралады. Бұдан бөлек олардың бір немесе үш жылға билет алу мүмкіндігі бар.
Бір адамға арналған "барлық қызметтер қамтылған" каюта құны – 255,9 мың доллардан, екі адамға арналған бөлме – 319 мың доллардан басталады. Жолаушыларға арналған фитнес-залдар, спа-процедуралар және түскі және кешкі ас кезінде алкогольдік ішімдіктер ұсынылатыны айтылған.
Байден Украинаға Ресейге шабуыл жасау үшін алыс қашықтықтағы зымырандарды қолдануға рұқсат берді
АҚШ президенті Джо Байден Украинаға ұзақ қашықтыққа ұшатын ATACMS зымырандарын Ресей аумағына соққы жасау үшін қолдануға рұқсат берді. Бұл шешім АҚШ-тың Украинаға қатысты саясатының өзгерісін көрсетеді, себебі бұрын Вашингтон мұндай әрекетке тыйым салған еді. Өйткені бұл аймақтағы жағдайды ушықтырады деп алаңдаған.
Фото: overclockers.ru
ATACMS зымырандары 300 шақырымға дейінгі нысандарды дәл көздеуге мүмкіндік береді. Украина бұл қаруды Ресей мен Солтүстік Корея әскерлеріне, сондай-ақ олардың логистикалық желілеріне, әскери техникасына және оқ-дәрі қоймаларына соққы беру үшін қолдануы мүмкін. Бұл қадам Ресей мен Солтүстік Кореяның ықтимал шабуылын бәсеңдету мақсатында жасалған.
Украина ATACMS зымырандарын алғаш рет қолданды
Украина әскері 18 қарашаға қараған түні Ресей аумағына соққы беру үшін америкалық алыс қашықтықтағы ATACMS зымырандарын қолданды. Зымырандар Брянск облысының Карачев қаласының маңындағы оқ-дәрі қоймасына түскен.
Ресей әскери департаменті бес зымыранды атып түсіріп, біреуі зақымданғанын мәлімдеді. Зымыран түсуі салдарынан әскери нысанның техникалық аумағына өрт шыққан.
Фото: life.ru
Карачев қаласы Украина шекарасынан шамамен 130 шақырым жерде орналасқан.
Украина қарулы күштері бас штабының мәліметінше, сейсенбіге қараған түні Брянск облысындағы Карачев маңында 1046-шы жабдықтау орталығының арсеналына соққы берілген. Соққы нәтижесінде 12 жарылыс болған.
"Украинаға қарсы қарулы агрессияны тоқтату үшін Ресей әскерінің оқ-дәрі қоймаларын жою жалғасады", – делінген хабарламада.
Алайда Украинаның бас штабы Ресейге қарсы соққыларда ATACMS зымырандары қолданылғаны туралы ақпарат бермеді.
Путин Украинадағы қақтығыстың жаһандық деңгейге өткенін мәлімдеп, "Орешник" зымыранымен соққы жасады
Путин Украинадағы қақтығыстың "жаһандық сипаттағы элементтерге" ие бола бастағанын айтты.
Ресей президенті 19 қарашада Украина қарулы күштері Брянск облысындағы нысаналарға алты ATACMS зымыранымен және 21 қарашада Курск облысында Storm Shadow жүйелерімен шабуыл жасағанын айтты.
Сөзінше, Ресейге соққы жасау үшін ұзақ қашықтықтағы снарядтарды олар жасалған елдердің мамандарынсыз ұшыру мүмкін емес. Біз өзімізді қаруларын бізге қарсы қолдануға мүмкіндік берген елдердің әскери нысандарына қарсы шабуыл жасауға құқылымыз деп санаймыз. Ал агрессивті әрекеттер күшейген жағдайда біз де батыл жауап береміз, деді ол.
Сондай-ақ Путин Мәскеудің орта және қысқа қашықтықтағы зымырандарды одан әрі орналастыру мәселесі АҚШ пен серіктестерінің әрекетіне байланысты шешілетінін мәлімдеді.
Сонымен қатар Путин ең жаңа орта қашықтыққа ұшатын "Орешник" зымыранының сәтті сынақтан өткенін хабарлады. Оның айтуынша, қазіргі заманғы әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері бұл зымырандарды ұстай алмайды. Өйткені олар нысанаға секундына 2,5-3 шақырым жылдамдықпен шабуыл жасайды.
"Орешник" зымыран жүйесі НАТО елдерінің Ресейге қарсы агрессивті әрекеттеріне жауап ретінде ұрыс жағдайында сынақтан өткізілген. Путин соңғы зымыран жүйелерін одан әрі сынау кезінде соққы жасалатын нысаналар Ресейге төнген қауіп-қатерлерге байланысты анықталатынын баса айтты.
Израиль мен “Хезболла” бітімге келді
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Ливанда атысты тоқтату келісімінің жасалғанын растады. Бітім 27 қарашада сағат 07:00-де күшіне енді.
Келісім шартқа сәйкес, Израиль әскерлері алдағы 60 күнде Ливаннан біртіндеп шығарылады.
Нетаньяху Израильдің өз қауіпсіздігін қорғау құқығын сақтап қалғанын айтты. Оның айтуынша, “Хезболла” ұйымы шекара маңындағы инфрақұрылымын қалпына келтіруге әрекеттенсе немесе қаруланса, Израиль соғыс қимылдарын қайта бастауға дайын.
Испанияда толассыз жауын салдарынан су тасқыны болды
Испанияның Валенсия аймағында қатты жаңбыр жауып, су тасқыны болған. Салдарынан 200-ден аса адам қаза тапты. Испанияның шығысы мен оңтүстігінде толассыз жауған нөсер жауын салдарынан көптеген аймақтарды су басып, теміржол және әуе қатынасы да үзілді.
Кейбір жерлерде бір күндегі жаңбыр мөлшері бір айдағы нормадан асып түсті. Бір күн бұрын билік Валенсия мен оңтүстік-шығыс Альбасете провинциясында кемінде жеті адамның із-түзсіз жоғалғанын хабарлады. Сәрсенбіге қараған түні төтенше жағдай қызметкерлері оларды дрондар арқылы іздеді.
Испанияның мемлекеттік метеорологиялық агенттігі Валенсия мен Андалусияның кейбір бөліктерінде жоғары деңгейдегі қауіпті жариялады.
Фото: yandex.by
Валенсияда мектепте сабақтар мен спорттық іс-шаралар тоқтатылады және қалалық саябақтар жабылады.
Испания премьер-министрі Педро Санчес із-түзсіз жоғалған адамдар туралы ақпаратты қадағалап отырғанын айтты және халықты мұқият болуға шақырды.
9 қарашада Испанияның Мадрид пен Валенсия қалаларында 130 мыңға жуық тұрғын су тасқынына байланысты үкіметке қарсы митингке шықты. Испаниялықтар провинция президенті Карлос Мейсонға қарсы шығып, су тасқынының жойқын зардаптарына байланысты оның отставкаға кетуін талап етті.
Эль Диарионың хабарлауынша, плакаттарда наразылық білдірушілер "Валенсия басшысы түскі асын ұзақ ішіп болғанша, ондаған қала су астында қалды" деп баса айтты.
Митингіде тұрғындар да қайғылы оқиғада қаза тапқандарды еске алды. Куәгерлердің айтуынша, шерушілер мен полиция арасындағы қақтығыстарды қоспағанда, шеру бейбіт түрде өткен.