Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

1,5 миллион теңге сомасында делінді: Қарағандыда Динара Сатжанға төленген гонорар журналистердің наразылығын туғызды

Өткен демалыстарда Қарағанды облысында БАҚ қызметкерлерінің мерекесіне орай “Алтын Сұңқар” мүсінімен журналистерді марапаттау рәсімі өткен болатын. Желі қолданушылары журналистерді марапаттауға блогер Динара Сатжан қатысқанын және оған шараны жүргізгені үшін әкімдік 1,5 миллион теңге төлемақы жасағанын айтып, шуласты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

“Бір жарым миллион теңгені Динара Сәтжан қарағандылық журналистерге "Алтын сұңқар" мүсінін сыйлағаны үшін алған. Оның үстіне визажист жалдаған. Менде дәлел бар.

Бір қызығы, "Хабар" агенттігі" АҚ-ның басқарма төрағасы Берік Уәли Қарағандыға облыс журналистеріне тегін келді ме, әлде ол да қаражат алды ма? Кімнің ақшасымен төлем жасады екен? Халықтікімен бе?”, – деп жазды Facebook-те желі қолданушысы Айнұр Балакешова. 

Сондай-ақ Балакешова марапатты блогер емес, еңбегі сіңген журналистер бергені дұрысырақ болар еді деген ой тастады. Ол Сатжанның орнына шақыруға болатындардың қатарына Валерий Петухов, Вера Абишева сияқты тұлғаларды атады. 

“Мүсінді журналистиканың нағыз шеберлері ұсынса, дұрысырақ болар еді деп ойлаймын. Мысалы, 30-дан астам кітап және фотоальбомдардың авторы Валерий Петухов – көптеген кәсіби фотокөрмелердің, соның ішінде халықаралық көрмелердің қатысушысы. Жүргізушілікке тамаша үміткер – жүздеген журналист тәрбиелеген Бөкетов атындағы университеттің журналистика кафедрасының профессоры Абишева Вера Түкенқызы. Сондай-ақ кәсіби, журналистиканың акуласы – Екатерина Борисовна Кузнецова. 

Журналистер менімен келісетін шығар, Вера Түкеновна мен Валерий Евстафьевичтің қолынан марапат алу, құттықтау сөздерін есту әлдеқайда жағымды және символикалық болар еді”, – деп жазды ол.

Бұл кісілердің орнына Динара Сатжанды шақыру тренд деп бағалады ол.

“Қарағанды мемлекеттік университеті журналистика факультетінің көптеген түлектері – республикалық және аудандық деңгейдегі БАҚ-тың беделді журналистері. Мүмкін инста-бикеш Сатжан жарнамалық посттарды жариялауды ұнататын шығар, ал алты нөлі бар баға ұсынатын коммерциялық шараларларға оны шақыру тренд сияқты”, – деді желі қолданушысы. 

Постқа қатысты блогер Динара Сатжанның өзі де пікір білдірді. Ол бұл жағдай үшін өзін кінәлі санамайтынын жеткізді. 



“Өз жұмысымды атқардым. Осы ретте саудаласқан жоқпын. Ұсынды, мен қабылдадым. Келдім, өткіздім, құттықтадым. Сондықтан, әріптестер, ренжімеңіздер. Мейрам құтты болсын!”, – деді ол.

Сондай-ақ ол өзін сынаған әйелге қызғаныштың денсаулыққа зиян екенін жазды. Өзіне шынымен де ақы төленгенін, алайда желі қолданушысы айтқан бағадан екі есе аз төлемақы алғанын мойындады.

“Екі есе аз төледі, себебі бюджеті сондай болған. Түсінемін, ішіңіз ашитын шығар. Астанадан Динара келді, шараны Айнұр өткізе беруге де болар еді ғой дегендей. Бұл жерде енді менің кәсібилігім, тәжірибелігім рөл ойнады ғой.

Айнұр, менің тұлғалық даму бойынша курсыма қатысыңыз, өзімнің фишкам неде екенін айтамын. Салтанатты шараға қатысқан әріптестеріңізден сұрап көріңіз. Иә, шара жүргізу де жұмыс. Соған сәйкес оған қаражат төленеді”, – деді Сатжан.

Қарағанды облысы әкімдігі өз кезегінде марапатты жыл сайынғы шара деп атады. 

“Марапаттау рәсімі 2006 жылдан бері жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Бұл Денсаулық сақтау, мәдениет, юілім беру саласында өткізіліп жүрген премияларға ұқсас шара”, – деді басқармада.

Не себепті әкімдік басқа да беделді журналистер емес, дәл Сатжанды шақыруды ұйғарды деген сұрағымызға әкімдік былай деді:

“Динара Сатжан тек жүргізуші болды, марапат ұсынған жоқ. Оны біздің жерлесіміз әрі журналист ретінде шақырдық”, – деп жауап берді әкімдікте.

 

Талқылау