Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Динара Қырықбаева: Күйеуіммен ажырасқан кезде қызым небәрі 40 күндік еді

Динара Қырықбаева ажырасудан кейінгі жағдайы, балаларының әкесімен қарым-қатынасы мен жеке өмірі жайлы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Айнұр Ілиясованың "MOM'sкий әңгіме" подкастына сілтеме жасап хабарлайды. 

Динара бұрынғы жолдасымен 5 жыл некеде болып, үш баланы өмірге әкелді. Дәм-тұзы жараспаған ерлі-зайыптылар 2019 жылы ажырасуға бел буады. Ол кезде Динараның кіші қызы қырқынан жаңа шыққан. 

"Қолымда үш бала. Кенжесі 40 күндік еді. Үлкендері 3 және 4 жаста. Мен не істерімді білмедім. Көңіл-күйім құбылмалы болды. Сол кезде мені тыныштандырып, бәрін түсіндірген, орнына қойып берген анам болды. 

Ән айтуды қойып кеткен кезім. Ателье бірде жұмыс істейді, бірде жоқ. Тек ата-анам болды. Анам құшақтап: "Әкең екеуміз бармыз. Қалғанына мән берме" деді", – деп еске алады Қырықбаева. 

Үш баламен жалғыз қалған Динара күйзеліске түсуге уақыты болмағанын айтады. 

"Жанымда ата-анам болса да, қалтамда небәрі 10 мың теңге болды. Жастыққа бір рет жылап алдым. Әрі қарай менің уақытым болған жоқ. Содан блогерлікті бастадым", – дейді ол.

Динарамен ажырасқаннан кейін, экс-күйеуі балаларын бірде-бір рет іздемепті. Тіпті ақшалай көмек көрсетуге қауқарсыз. 

"Балалар әкесімен араласпайды. Үш жылдан бері балаларын бір рет көрген емес. Мен оны кінәлағым, жамандағым келмейді. Балаларым үшін оған алғысым шексіз. Менің кереметтей балаларым бар. Бірақ солай болып қалды. 



Қаржылай көмектеспейді. Біраз уақыттан кейін алиментке өтініш бердім. Заң бойынша солай болу керек деп ойлаймын. Енді алимент төлейді. Оның құнын айтқым да келмейді", – деп күлді Динара. 

Сөзінше, бүгінде 7 жасқа келген үлкен қызы ата-анасының ажырасқанын түсінеді, әкесін сұрайды. Ал одан кейінгі ұл мен қыз әкелерін тіпті танымайды. 

"Ең кішісі "әке" деген сөзді де білмейді", – деген Динара балалардың әкесімен араласуына қарсы еместігін, тек бұл оның таңдауы болғанын жеткізді.

Одан бөлек, әнші жеке өмірі жайлы сыр шертті. Айтуынша, оны кездесуге шақыратын жігіттер жетерлік. 

"Кездесулерге шақырады. Барып тұрамын. Бірақ әзірге маған ол қызық емес. Аяққа тұрғым келеді. Уақытымның көп бөлігін балаларға арнағым келеді. Ішімде барлығы жақсы болса, ол ешқайда қашпайды", – дейді Қырықбаева. 

Талқылау