Соңғы ЖАҢАЛЫҚТАР
БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР

Динагүл Тасова: Маған үйленетін адамның табысы 500 мыңнан жоғары болуы керек

Соңғы кездері халық арасында "төсін жалаңаштаған депутат" деген атпен танылып кеткен Тасова Stan.kz тілшісіне модельдік бизнеске қалай келгенін, ашық киініп, омырауын көрсететін қыздар жайлы не ойлайтынын, қоғамның қандай пікірі бұрыс екенін айтып, ақша үшін кім қандай ұсыныс білдіретініне тоқталды. 

"Омырауыңды маған ғана көрсетсең, жиырма бес мың теңгеден көбірек ақша беремін", — деп ұсыныс тастағандар болды ма? Ақша үшін төсек қатынасына түсуді ұсынғандар ше?

Сана-сезімі оянбай қалған, өзіне жетпей жүрген нәрсені көргісі келетін кей қазақстандықтардың ішінде: "Показда жиырма бес мыңға кеудеңді көрсетіпсің, мен саған жүз мың беремін, төсектес болайық", — деп айтқандар болды. Мұндай бұрыс әңгімеге мен көңіл аудармаймын. Кейде: "Сіз мені кім деп тұрсыз" деп жауап жазып та жіберемін.

Ең қызығы, маған әбес хабарламаларды өзге ұлттың өкілдері, шетелдіктер емес, қазақтар ғана жазады. Алайда, олардың қатарында "ағашкалар" мүлдем жоқ. Ермек іздеген жас жігіттер хабарламаларын әдемі қызбен аралассам, көрсем, жата салсам деген арам ойлармен жолдайтын болар. Бірақ қыр-соңымнан қалмай ақша аударып, "болды шешілді" деп ұсыныс білдіргендер жоқ. 

Бір рет шетелдің азаматы маған үйленгісі келіп, шотыма ақша салып жіберген еді. "Әдемі екенсіз, қазақтың қызымен шаңырақ көтергім келеді", — деп ұсыныс тастады. Қазақтың қызы болған соң,  өз ұлтымның жігітіне тұрмысқа шыққым келеді. Сондықтан оған "жоқ" деп жауап бердім. Шақырды екен деп кез-келген азаматпен кездеспеймін, ешкім мені бір жерге тектен-текке шақырмайды. Ақыл-ес тоқтатқан қыз болғандықтан әр шешімімді ақылмен шығарғым келеді. 

Болашақ жарыңызды қандай адам ретінде елестетесіз? 

Болашақ жарымды ақыл-есін тоқтатқан, ер мінезді, жүрегінде иманы бар, өз нанын өзі тауып жейтін, әйел адамға қол көтермейтін, артық әңгімесі жоқ жас жігіт ретінде елестетемін. Ең бастысы, ол мені сүйсе, құрметтесе, маған деген көзқарасы мен ниеті дұрыс болса екен.

Көкейінде шын бақытты етемін, бірге бақытты боламын деген ойы болса. Әйел мен ана бақытын сезінгім келеді. Адамгершілігі мол жақсы жігітті кездестіріп, шаңырақ құрып жатсам, қуанышымда шек болмас еді. 

Ер адамның табысы қандай болуы тиіс?  

Ер адамның табысы 150 мың теңгеден жоғары болғаны дұрыс. Қазір қыздардың өзі жалақысы 200-300 мың теңге ғой. Егер жігіт қызына қарағанда ақшаны аз тауып жатса, мүмкіндігі, талпынысы жоқ болар. 

Менің ойымша, бір баласы, әйелі, өз үйі бар ер адам 150 мың теңгеге жанұясын асырай алады. Дегенмен, әркімде жеке баспана жоқ. 

Маған үйленетін ер адамның табысы бес жүз мыңнан жоғары болуы керек. Оқыған-тоқыған, жұмыс тәжірибесі мол жігіт үшін жарты миллион табу қиынға соқпайды деп ойлаймын. 

Жұмыс істемей, ер адамның жалақысына күн көрген дұрыс па?

Құр үйде отырып, ер адамның ақшасын жұмсаған дұрыс емес деп ойлаймын. Әйел өзін дамытып, жетілдіріп отыруы үшін жұмыс істеуі тиіс. Үйде отыратын болса, бір орында қалып, өзін дамытып, шыңдап отыру мүмкіндігінен айырылады. Үйіне байланып қалған әйелге күйеуін түсіну қиынға түседі. Әйелдің күйзелісі шаңырақ астындағы көптеген ұрыс-керістің орын алуына түрткі болады. Бала тәрбиесінде де кесірін тигізеді. 

Кейбір жанұяларда күйеуі әйеліне жұмыс істеуге тыйым салады. Соның өзінде, тым құрығанда ол өзінің сүйікті ісімен айналуы тиіс.  

Қыз бала ниеті дұрыс, жақсы жігітті қайдан кездестіре алады? 

Жақсы жігітті кітапханадан, мешіттен іздеу керек деп айта алмаймын. Себебі, мешіт пен кітапханада кездесіп, өмірлік махаббатымды таптым деп үйленіп, артынан бір-бірін дұрыстап танығаннан кейін ажырасып кететіндер бар.

Клубтан іздегенді де құптамаймын. Бірақ бір-бірін клубта тауып, бақытты болып жатқандар жоқ емес. Әр адам ниетіне, ойына қарай өзінің болашақ жарын кездестіреді. Болашақ күйеуім жақсы адам болса екен, алайда, оны қалай, қай жерде кездестіретінімді білмеймін.

Динагүл, әдетте Шымкентте қыздың тәрбиесіне қатаң қарайды, етек-жеңін жинап жүруді талап етеді, сіздің үйіңіздегі тәрбие қандай болды?

Біздің үйде өте заманауи тәрбие берілді. Кішкентайымнан апа-атамның қолында өстім. Сол кісілер мені бақты, қазақтың барлық дәстүрлерін білетін, қазақи адамдар тәрбиеледі. Өзім ата-анамның тұңғышымын, әке-шешем тыйым салып, еркін өмір сүруіме кедергі келтірген емес. Менің жанұям барлығына заманауи көзқараспен қарайтын адамдардан құралған. Біз үшін ең бастысы — өз күніңді өзің көріп, ешкімге масыл болмай өмір сүру. 

Модельдік бизнесті таңдауыңыздың себебі неде? 

Модельдік бизнесті таңдауымның белгілі бір себебі жоқ. Көшеде кетіп бара жатқанда адамдар жаныма келіп модельге ұқсайтынымды айтатын. “Модельсіз бе?” деп сұрайтын. Бағымды сынап көрейін деген ниетпен түрлі сән кастингтеріне қатысып, өтіп кеттім. Бұл салада өзімді дәлелдей бастаған соң, ары қарай "Мисс Қазақстан", "Мисс Астана" байқауларына қатысып, ермек ретінде алып жүрген модельдік жұмысымды бірінші орынға қойдым. Ойымда өзімнің сүйікті ісіммен айналысу ғана болған соң, сынның астында қаламын деп күдіктенген де жоқпын.

Менің жұмысым мен хайп — екі бөлек дүние. Егер маған хайп керек болғанда, модельдікке кірген күнімнен бастап-ақ соны қуып кетер едім. Еңбегімнің арқасында көптеген жетістіктерге жеттім. Ешнәрсеге өкінбеймін.

Сіз төсіңізді сән көрсетілімі үшін ашып көрсеттіңіз, ал күнделікті өмірде өзге де қыздар дәл солай жүрсе қолдар ма едіңіз?

Егер қызға ашық киім жарасып тұрса, қалағанынша кисін. Бірақ әр жердің, әр ортаның өз мәдениеті болады. Мысалы, кеудесін ашатын киімді достарымен қыдырғанда, кешкі отырыстарда киген жөн деп ойлаймын. Мен бұл таңдауды қыздардың өзіне қалдырғанды дұрыс көрдім. 

Отандық бірнеше ток-шоуларға қатысқанда жан-жақтан талап жатты, психологиялық тұрғыдан қиын емес пе?

Менің тарапыма айтылған сөздерді ауыр қабылдап, ренжіп, өкпелемеймін. Өзім қаншама жылдар бойы телевидениеде жұмыс істегенмін, бұл салада он жылдап жинаған тәжірибем бар. Маған қатысты әңгіменің қай кезде жай ғана шоу үшін айтылып жатқанын жақсы түсінемін.

Сондықтан бағдарлама барысында өзімді барынша сабырлы, байсалды ұстауға тырысамын. Шоу жасайтын жерде шоу жасаймын, шындықты айту керек  болса, шындықты айтып, барынша шынайы бейнемді көрсетемін.

Қазақша көйлек киіп шығып едіңіз, тағы да сынның астында қалдыңыз. 

Халықтың маған деген көзқарасы мүлдем әділетті емес. Көпшілік ашық киінетін адамның  ұлттық киімдерді киюге құқығы жоқ деп ойлайтын секілді. Мен қазақша киімді бар жаныммен жақсы көремін, осы уақытқа дейін оны қалай болса солай киіп, қорлаған емеспін.Ұлттық киім, аспап пен бұйымдар мен үшін үлкен құндылық, мәдениет пен дәстүрді қатты құрметтеймін, сүйемін. Домбырада ойнап болған соң, оны сүйетін әдетім бар.
 

 

Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.

Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр