Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қылмысын жасыру үшін жалған оқиға ойлап тапқан": Павлодарда ер адам жүкті әйелін тұншықтырып өлтірді

Павлодар облысында ауыл тұрғыны жүкті әйелін өлтіріп, жазатайым оқиға болды дегенді ойлап тапқан, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz порталына сілтеме жасап. 

2021 жылдың сәуір айында Павлодар облысы Успен ауданының полициясына Константиновка дәрігерлік амбулаториясының қызметкерінен аудандағы ауылдардың бірінің үйінен жүкті әйелдің денесі табылғаны туралы хабарлама келіп түседі. 

“Көрсетілген мекенжайға келген полиция қызметкерлері оқиға орнын тексере келе, әйелді біреу өлтіруі мүмкін деген болжам жасайды. Бұл істі тергеу полиция бөлімі бастығының орынбасары Асқар Аралбаевқа және аға тергеуші Мақсат Дүйсембаевқа тапсырылды. Олар болған оқиғаны мұқият зерттеп, куәгерлерден жауап алды”, – дейді Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Жауап алу кезінде марқұмның анасы таңертең күйеу баласының "Саған не болды?" деген айқайынан оянғанын айтты. Көрші бөлмеден жүгіріп келген ол қызының жерде жатқанын көрген, ал күйеу баласы қолымен әйелдің кеудесін басып, жасанды тыныс жасап жатқан. Дәрігерлер келген соң ер адам әйелінің ауырып қалғанын, ентігіп, құлағанын айтқан. Әйеліне алғашқы көмек көрсеткенін де айтуды ұмытпапты.

Тергеу барысында полицейлер ағаш тақтайдан тұратын осы бөлменің еденін ашты. Тақтайлардың арасында қан қалдығы, сондай-ақ құрамында хлор бар заттың ерітіндісі табылды. Бұл ер адамның қылмыстың ізін жасырмақ болғанын көрсетеді. 

Қажетті дәлелдемелерді жинау, сондай-ақ жүргізілген сараптамалар барысында полиция қызметкерлері болған оқиғаның мән-жайын анықтады.

Түнде ерлі-зайыптылар арасында қызғаныштан жанжал шыққан. Салдарынан ер адам жүкті әйелін тұншықтырып өлтірген. Содан кейін ол қылмыстың іздерін жоя бастаған, қан дақтарын тазалап, жазадан құтылу үшін отбасы мен полиция қызметкерлерін шатастырмақшы болып: "Саған не болды?" деп айқайлай бастайды. Осылайша, ол әйелдің тұншығып қалғанын және оған көмектесуге тырысқанын айтады. 

“Полиция қызметкерлері Асқар Аралбаев пен Мақсат Дүйсембаевтың кәсібилігі мен ұқыптылығының арқасында қылмыскер лайықты жазаға тартылды. Барлығын бірте-бірте жинай келе, тергеушілер қылмысты ашып, барлық қажетті тергеу шараларын жүргізіп, ер адамның кінәсін дәлелдеді”, – деді полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полицейлер аталған қылмысты жасағаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігіне сәйкес сот ер адамды 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындағанын атап өтті.

Марқұм болған әйелдің артында екі баласы қалды.

Талқылау