Диана Қырықбай: Соңғы рет ажырасқан бір жігітпен кездестім, ол мен үшін елордаға көшіп келді
Жігіттерден жоғары жалақыны талап еткен тележүргізуші Диана Қырықбай өзі мен отбасы, жұмысы жайлы айтты. Бір үйдің жалғыз қызы жігіттерге жоғары талап қояды. Өз күтіміне айына 2 миллион теңге қаражат жұмсайды.
Бұл туралы тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызына берген сұхбатында айтты.
Көпшілікке көгілдір экран арқылы таныс Диана Қырықбай бүгінде телеарналардан көп көрінбейді. Есесіне әлеуметтік желіде белсенді. Оның түрлі видео, әзіл вайндары желіде тез тарады. Айтуынша, өзіне хат жазатын, сөз айтатын жігіттер де көп.
“Менің жігіттерге қояр талабым көп. Кейбіреулер менің сөзімді түсінбей жүр. “Қарапайым деген қандай қыз? Сонда сізге айына қанша ақша кетеді?” деп жазады. Кез келген қызды керемет әдемі қылуға болады. Ол ақшаға келіп тіреледі. Мен, мәселен, өз күтіміме айына 2 миллион теңге жұмсаймын. Себебі, менің әдемі болуым керек. Салонға баруым керек. Бетімді күтуім керек. Ал жігіттер бір арнадан шыға алмай қалған секілді. Мен 200 мың теңге табатын жігітпен қалай тұрамын. Оның ақшасы маған жетпейді ғой. Жігіттер бағаны көтеру керек”, – деді ол.
Айтуынша, желіде кейде қыз-келіншектерге, 18 жастан асқандарға арнап видео түсіреді. Бұған ата-анасы, бауырлары реніш білдірмейді.
- "Мерей қасында, ешқайда кетпеді": Журналист Мақпал Жүнісоваға қолдау білдірді
- “Бесінші сыныптан бастап бірге оқыдық”: Мақпал Жүнісова құрбысы Ақтоты Райымқұлованы құттықтады
“Мен ата-анама телефон алып бердім. Ай сайынғы ақшасын беріп тұрамын. Басқасы не керек? Оларға әлеуметтік желіге кіруге тыйым салдым. Егер менің видеоларымды көрген күннің өзінде мен ешнәрсе бүлдіріп жүрген жоқпын. Мен отбасында басқа адаммын. Ағаға – қарындаспын, ата-анаға – қызымын, қазақы ортаның қызымын. Ал басқа кезде басқа Дианамын. Ағаларым менің хайп қуып жүргенімді біледі. Сондықтан күліп қарайды”, – деді Қырықбай.
Диана Айгүл Мүкейдің сіңлісі екенін айтты. Астанада әпкесі Айгүл Мүкеймен бір жыл бірге тұрған.
“Айгүл Мүкейдің әкесі – менің анамның ағасы. Туған емес, бірақ әпкем. Бірақ ол кісі Алматыда, мен Шымкентте өскенмін. Астанада бір жыл сол кісінің қолында тұрдым. Кейін сол бойы астанада қалып қойдым”, – деді Диана.
Тележүргізуші бір кездері журналистикамен қоштасқанымен, уақыт өте қайта осы салаға келгенін мойындады.
“Мен журналистикаға оқуға түсіп, жұмыс істемек болдым. Сол кезде мені “топассың, мәтін жаза алмайсың” деп кемітетін. Мен шынында да ешнәрсе жаза алмаймын деп режиссер мамандығына ауысып кеттім. Бірақ бәрібір журналистикаға келдім. Қазір журналистердің өзіне мен мәтін жазуды үйретіп жүрмін. Бұл – өмір”, – дейді ол.