Депутаттар Индер көлінің қорғалатын аумақ мәртебесі неліктен алынғанын түсіндіруді талап етті

Мәжіліс депутаттары Атырау облысындағы Индербор тұзды көлінің неліктен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар тізімінен шығарылғанын түсіндіруді талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үкімет бұл шешімді 2024 жылы 22 қарашада қабылдаған. Депутаттың айтуынша, билік Индербор көлінің мәртебесін неліктен өзгерткенін жергілікті тұрғындарға түсіндірмеген. Демек шешімнің ғылыми, экологиялық немесе заңды себептері жария етілмеген.
“Экологиялық кодекстің 58 (Құжатты стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есепке сәйкестігі тұрғысынан қарау) және 73-баптарына (Ықтимал әсер ету туралы есептің жобасына қатысты қоғамдық тыңдаулар) сәйкес қоршаған ортаға әсер ететін шешімдер қоғамдық талқылаудан өтуі тиіс. Алайда Индербор кенті әкімдігінің 2026 жылы 27 наурыздағы ресми жауабына сәйкес, Индер көлінің мәртебесін өзгерту мәселесі жергілікті тұрғындардың қатысуымен қабылданбаған. Тіпті қоғамдық тыңдаулар өткізілмеген”, – деді депутат.
Оған қоса 2021–2022 жылдары “АралТұз” бен “АралСодаға” көл аумағында пайдалы қазбаларды барлау немесе игеру үшін лицензия берілген. Бірақ сол кезде Индер көлі әлі де ерекше қорғалатын табиғи аумақ саналған.
Депутаттардың айтуынша, 2021 жылы жергілікті кәсіпкерге көлдің қорғалатын мәртебесіне байланысты туристік нысан салуға рұқсат берілмеген. Алайда сол кезеңде басқа компанияларға пайдалы қазбаларды барлауға лицензия берілген. Бұл заңның барлық жағдайда бірдей қолданылғанына күмән туғызады.
Депутаттар бір кәсіпкерге көл аумағында құрылыс салуға тыйым салынып, басқа компанияларға жер қойнауын игеруге рұқсат берілу себебін түсіндіруді талап етті.
Осыған байланысты “Ақ жол” фракциясы үкіметтен Индер көлін қорық қоры нысандары тізімінен шығарудың себебін жариялауды, берілген лицензиялардың заңдылығын тексеруді және заң бұзушылықтар анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылдауды сұрады.
Сонымен қатар депутаттар Индер көліне бұрынғы ерекше қорғалатын аумақ мәртебесін қайтаруды ұсынды.
Айта кетейік, жақында Индербор тұзды көлінен ерекше қорғалатын аймақ мәртебесі алынып, инвесторларға берілген еді.
1995 жылы Индер көлі ерекше маңызы, ерекше ғылыми құндылығы бар су айдындарының тізіміне енген. Мұндай су айдындарын пайдалануға беру шектеледі немесе тыйым салынады делінген. Десе де “Аралтұз” АҚ және “АралСода” ЖШС компанияларына барлау жұмыстарын жүргізу үшін бірнеше рет лицензия берілген. Кейін көл ерекше қорғалатын аймақтар тізімінен шығарылып, инвестиция тарту мақсатында ашылған. Бұл жөнінде тиісті шешімді Қазақстан Үкіметі қабылдаған.
"Қол қусырып тұра алмадым": Алматылық әке 1 жастағы көршісінің баласын қалай аман алып қалғанын айтып берді
Оқыңыз