Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Депутаттар елордаға Астана атауын қайтару туралы шешім қабылдаған тұста Назарбаев жұма намазын оқуға келді

Нұр-Сұлтанда мәжіліс депутаттары елорданың атын өзгерту туралы шешім қабылдаған тұста тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев Орталық мешітке келді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. Бұл жөнінде Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай мәлімдеді.

Назарбаев мешит 2022

Баспасөз хатшысының мәліметінше, ол жұма намазын оқуға келген.  

"Мешітке жасалған сапары кезінде тұңғыш президент Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің мәртебелі қонағы, әл-Азһар университетінің Жоғарғы имамы Ахмед ат-Тайебті қарсы алды", - делінген жұма күні тараған ақпаратта.

Айта кетейік, 2016 жылы Нұрсұлтан Назарбаев ел астанасын оның құрметіне атаудың дұрыс еместігін айтқан. Қайда барсам да барлығы Астананы таниды деген ол бұл атауды бренд деп атаған.

“Менің құрметіме өзгертуге ешқандай қажеттілік көріп тұрған жоқпын. Астанада ХХІ ғасырдағы бірінші ЕҚЫҰ саммиті өтті, қысқы Азия ойындары өтті, енді ЭКСПО-2017 мен әлемдік дәстүрлі діндердің съездері өтеді. Мұның барлығы Қазақстанға қатысты болғанымен, бүкіл жерде Астана атауы айтылады. Сонда мұны өзгертудің қандай қажеті бар?”, – деген еді тұңғыш президент.



2019 жылы Назарбаевтан билікті қабылдаған Тоқаев ел астанасын тұңғыш президенттің атымен “Нұр-Сұлтан” деп атауды ұсынған. Бұл ұсынысты да сол уақытта депутаттар бір ауыздан қабылдап, елорда Назарбаевтың есімімен аталып келді.

Еске салайық, Қаңтар оқиғаларынан кейін мәжіліс депутаттары арасында құрылған "Жаңа Қазақстан" тобы 2 қыркүйекте мәлімдеме жасап, президентті жеті жылға сайлау бастамасын қолдап, Нұр-Сұлтан қаласына Астана атауын қайтаруды ұсынған еді. Ізінше президент Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттар тобының астананың бұрынғы Астана атауын қайтару туралы ұсынысымен келіскен.

Бүгін, 16 қыркүйек күні Қазақстан Парламенті Конституцияға жеті жылдық президенттік мерзімге және елорданың атауын Нұр-Сұлтаннан Астанаға өзгертуге қатысты түзетулерді қабылдады. Енді құжатқа Тоқаев қол қойса болды.

Талқылау