Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Депутаттар электромобиль иелеріне жағдай жасауды ұсынды

Мәжілістың жалпы отырысында депутаттар электромобильдер  инфрақұрылымын дамытуға арналған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.  

Заң жобасының толық атауы – "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экологиялық таза көлікті танымал ету және электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы". Заңды мәжіліс депутаты Самат Мұсабаев таныстырды. Депутат электромобильдер әлемде кең таралып, оған деген сұраныс геометриялық түрде өсіп жатқанын айтты. Сөзінше, 2020 жылы әлемде 3 миллион 240 мың электромобиль сатылған.

"Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 43% көп. 2021 жылы бүкіл әлем бойынша 6,5 миллион электромобиль сатылды. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 109% өскен. 2022 жылы электромобильдер сатылымы жағынан жаңа рекорд жасады. Әлемде 7,8 миллион данасы сатылды. 2023 жылы әлемде шамамен 17 миллион электромобиль мен гибридті автомобиль сатылды. Ал Қытай 2030 жылға қарай бензинді қозғалтқыштардан толық бас тартуды жоспарлап отыр. Зерттеушілердің пікірінше, 2035 жылға қарай әлем бойынша эксплуатацияда 130 миллион электромобиль болады", - деді ол.

Депутат атап өткендей, 2021 жылы Глазгода өткен дүниежүзілік климат саммитінде Ұлыбритания, Үндістан, Австрия, Польша, Канада, Түркия және басқа елдер, барлығы 33 ел, сонымен қатар ірі алты автомобиль өндіруші: General Motors, Ford, Mercedes, Volvo, Jaguar/Land Rover және BYD (Build Your Dreams) 2040 жылға дейін іштен жану қозғалтқышы бар көліктерден толық бас тартатынын жариялады.

"Сонымен қатар бірнеше күн бұрын Дубайда өткен БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі 28-конференциясының сегіз климат іс-қимылы қарастырылған қорытынды құжаты қабылданды. Негізгі іс-қимылдардың бірі – түрлі жолдармен көлік құралдарының шығарындысын азайту, оның ішінде инфрақұрылымды дамыту және нөлдік немесе төмен шығарындысы бар көліктерді жылдам енгізуді жеделдету. Өйткені электромобильдердің іштен жанатын қоғалтқышы бар көліктермен салыстырғанда экологиялық және экономикалық жаңғынан тиімдігі басым", - деді ол.

Мұсабаев алғашқы жобасын дайындаған кезде электрмобильдерді кеңауқымды қолдануға арнайы инфрақұрылымның болмауы мен "мұнай өнімімен" жүретін көліктер құнының төмендігі тежеуші фактор болатынын атады.

"Қазір елімізде жағдай түбегейлі өзгерді. Мысалы, 2023 жылдың 1 қаңтарында электрқозғалтқышпен 812 жеңіл көлік тіркелсе, он екі айдың қорытындысы бойынша 7793 электркөлігі тіркелген, бұл электромобиль санының 9,5 есе өскенін көрсетіп отыр. Яғни "жасыл" көліктерге сұраныстың көбеюі қажет инфрақұрылымды дамытуды ілгерлетуді талап етеді. Заң жобаларында "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы", "Автомобиль жолдары туралы", "Автомобиль көлігі туралы", "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы", "Жол жүрісі туралы" заңдарына түзетулер енгізу көзделген", - деді ол.

Заң жобасы мынадай негізгі нормаларды қарастырады:

•    "электромобиль" және "электрозарядты станция" ұғымын енгізу;
•    коммуналдық ақылы автотұрақтарда (автопарковкаларда, паркингтерде) электромобиль көлігінің иелері үшін тегін тұрақ орнын пайдалану;
•    тұрғын аймақтардағы электрозарядты станцияларды жобалау, орнату және техникалық пайдалану ережелерін әзірлеу және бекіту бойынша мемлекеттік органдардың өкілеттігін анықтау;
•    жергілікті атқарушы органдардың өкілеттігі электрозарядты станцияларды орналастыру туралы шешімдерді қабылдау және такси тұрағын, әуежайларда, вокзалдарда, 1 және 2 санатты стационарлық сауда және мәдени ойын-сауық нысандарын, мәдени-демалыс парктері мен алаңдарын, даңғылдарды, көшелерді, кварталдарды электрозарядты станциялармен жабдықтау және ұйымдастыруды қамтамасыз ету.

Талқылау