Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Депутат Ринат Зайытов өнерге қашан оралатынын айтты

Күні кеше депутат Ринат Зайытов Алматы тұрғындарымен кездесті. Бұл жолы мәжілісмен қарапайым халықтың мәселесін тыңдап, оны шешудің жолын табуды емес, Республика сарайында шығармашылық кешін өткізуді жөн көрген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қаршадайынан қалың көпшілікке ақын ретінде танылған Ринат Зайытов поэзия мен әнді үйлестіріп, Алматыдағы зәулім сарайда ауқымды концерт ұйымдастырған. Бұл кеш "Абайлаңыздар" деп аталады.

"Бұл әнді "Заман" тобы орындайды, сөзін мен жазғанмын. Ол әннің ішінде менің айтар ойым бар, сол әндегі сөздер, ойлар көптің жадында қалса екен. Бүгінгі қоғам адамшылықтан алыстап кету дегеннен абайлауы керек. Кез келген нәрсе адамшылықпен өлшенсе, дұрыс болады. Адамға зияны тимейді. Біз кішкене өзіміздің жыртқыштық, әу бастағы хайуандық қажетімізді өтеу үшін сол адамшылықтан ажырап кетеміз де. Адам деген сол жағынан абай болуы керек", – дейді айтыскер ақын.

Айта кетейік, Ринат Зайытов 2023 жылы, яғни былтыр наурызда депутат болып сайланған еді. Алайда ол араға 11 ай салып шығармашылық кешін өткізуді жөн көрген. 

"Менің негізгі бұйырған ортам – өнердің ортасы. Әрине, өнер адамы болғаннан кейін сахнаны сағынасың. Қазіргі әндерде шынайы адамдық құндылықтар насихатталмайды. Мен бұл кешімде адамшылық туралы, ата-анаға, бауырға, жақындарымызға деген қарым-қатынастың таза болуын, адал болуын айтып, соларға деген сағынышты, махаббатты жеткізгім келді", – дейді Зайытов. 

Бұрын Алматыда тек шығармашылықпен айналысқан Ринат Рифхатұлы қазір бас қалада депутат. Айтыскер ақын бұл сұхбатында Астанадағы саяси атмосфераны айтып, өнер адамдарының да мәжілісте мәселе шеше алатынын жеткізді.    

"Сұрақ қою қиын нәрсе сияқты көрінеді. "Қалай сіз былай жүріп, былай боп кеттіңіз?" дейді. 30-50 жыл саясатта жүріп біреу сахнаға шығып кетсе, бұлай таңғалмайды ғой. Ал 20 жыл сахнада жүріп, адам толысқаннан кейін қоғамның жүгін арқаласаң, мойныңа артса, сен оны деген жеріне апаруға міндеттісің. Оның жолында қайда барасың, қайда боласың, саясатта боласың ба, өнерде боласың ба, жоқ, қоғамның ең төменгі табының ортасында боласың ба ол сенің мойныңдағы жауапкершіліктен босатпайды. Сондықтан ана жердің атмосферасы былай, мына жердің атмосферасы былай емес, бәрі адамдарға байланысты. Кез келген жерде жақсы адам бар, онша емес адам бар", – дейді депутат.

 Ринат Зайытов мәжілістегі 5 жыл мерзімді абыроймен атқарып, кейін өзін халыққа танытқан өнерге қайта оралмақ.

"Менің әу бастағы мақсатым – сол. Мен өнерден ешқайда кетем деген жоқпын. 5 жылдық мерзімде адам демалыс та алуы мүмкін, бір жерде оқып келуі де мүмкін. Нақтылы осы 5 жылға қойған мақсатыңды орындап, ең болмаса соның жартысына, дегеніңе жеткізе алсаң болды. Одан артық не миссия бар? Енді ары қарай "ойбай, мен өмір бойы осы галстукпен жүре берем, менің қолым осы екен" деп жүретін ой жоқ. Себебі өнердің ортасы – менің бала кезден бері қалыптасқан ортам. Өзіме ыңғайлы, еркін орта. Осы депутаттық мерзім біткеннен кейін қайта шығармашылықты қолға аламын. Себебі менің шығармашылықтағы мақсаттарымның орындалмағаны көп", – дейді мәжілісмен.  

Мәжіліске дейін Ринат қоғамда өткір пікір білдіріп, ел назарына жиі ілігетін. Мұны байқаған көпшілік ақынның билікке барып, елге қызмет қылуын қалайтын еді. Бірақ әлі де депутат Зайытовқа жағымсыз пікір жазатын, оны жақтырмайтын жұрт көп көрінеді.  

"Сынайтындары да бар, басқасы да бар... Бізде мынадай түсінік қой: өзіңнің шаруаң шешілмесе, ол дұрыс жұмыс істеп отырған жоқ. Біреудікі шешіліп жатыр ма, шешілмей жатыр ма, онда шаруасы жоқ. Кейде түсінбейтін тілектер айтады. Оларға шамаң келгенше жауап берсең, түсінгісі келмейді, сосын ренжиді. Жалпы жақсы еститін жиі сөзіміз: "Сендер барсыңдар ғой, бірдеңе істеп жатқан сияқтысыңдар. Айтып жатырсыңдар, рақмет" деген сөздің өзі көңілге медеу ғой. Алдағы уақытта да осы үдеден шығып, шама келсе көбіне халықтың пайдасына шешілетін әрекеттерге мұрындық бола алсақ, біздің көздегеніміз – сол", – деп сөзін түйіндеді Ринат Зайытов.

Видео сұхбаттың толық нұсқасын дәл қазір Stan kz YouTube арнасынан көріңіз.  


   

Талқылау